
Ақтау қаласында әйел педагогтерге арналған «STEM HANYM» әлеуметтік-білім беру жобасының қорытынды форумы өтті. Жоба Жасанды интеллект жылына орай «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры мен ExxonMobil компаниясының қаржылық қолдауымен, USTEM Foundation қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
6 күндік қарқынды оқыту барысында Маңғыстау облысының 307 мұғалімі STEM-білім, робототехника, бағдарламалау және жасанды интеллект бағыттары бойынша біліктілігін арттырды. Оқыту екі кезеңмен өтті. Алдымен қатысушылар онлайн курстан өтіп, содан кейін өңірдің елді мекендерінде тәжірибелік интенсивке қатысты: Ақтау, Жаңаөзен, Жетібай, Шетпе және Бейнеу.
Педагогтер роботтарды құрастырып, бағдарламалауды, 3D-модельдеу мен басып шығаруды, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдануды меңгерді. Дайындықтан өткен педагогтер оқушыларын FIRST халықаралық робототехника жарыстарына дайындай алады. Бұл жарыстар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің №514 бұйрығымен бекітілген республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқаулар тізіліміне енгізілген. Бұл оқушылардың жарыстағы нәтижелерінің ресми деңгейде танылатынын білдіреді.
Айта кету керек, жоба бұған дейін Атырау облысында да табысты жүзеге асырылған болатын. Өткен жылы өңірдің 300 әйел педагогі оқытудан өтіп, STEM, робототехника және жасанды интеллект бағыттары бойынша заманауи құзыреттерді меңгерді. Бүгінде олар өз мектептерінде STEM үйірмелерін дамытып, оқушыларды инженерлік жобалар мен халықаралық робототехника жарыстарына дайындап келеді.
«STEM HANYM» әйел педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға ғана емес, өңірдегі технологиялық білім беру экожүйесін нығайтуға бағытталған бастамаға айналды.
Бүгінде жоба аясында Атырау және Маңғыстау облыстарының 600-ден астам педагогі жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, алдағы оқу жылында өз мектептерінде STEM үйірмелерін ашып, оқушыларды республикалық және халықаралық жарыстарға дайындауды жоспарлап отыр.