Қазақстанда автономды көлікті енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары бекітілді

Қазақстанда автономды көлікті енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары бекітілді

2026 жылғы 4 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 31 шілдедегі № 442/НҚ, Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 29 шілдедегі № 196 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 4 тамыздағы № 550 бірлескен бұйрығы «Шартты және жоғары деңгейдегі автоматтандырылған басқаруы бар автокөлік құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидаларын бекіту туралы» қабылданды.

Құжат Қазақстан Республикасында шартты және жоғары деңгейдегі автоматтандырылған басқаруы бар автокөлік құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру тәртібін айқындайтын Қағидаларды бекітеді.

Қағидалар шартты және жоғары деңгейдегі автоматтандырылған басқаруы бар автомобильдерді практикалық тұрғыда енгізудің құқықтық негізін қалыптастырады және пилоттық жобаға қатысушыларға, көлік құралдарына, оларды пайдалануға жіберу шарттарына, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктеріне қойылатын талаптарды белгілейді.

Пилоттық жоба үш жыл бойы Астана, Алматы және Қосшы қалаларының аумағында іске асырылады. Автономды көліктерді сынақтан өткізу арнайы полигондарда, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының белгілі бір маршруттарында жүргізіледі.

Қағидалардың негізгі ерекшеліктерінің бірі – автоматтандыру деңгейі әртүрлі көлік құралдарына қойылатын талаптардың нақты ажыратылуы. Шартты автоматтандырылған басқаруы бар автомобильдер үшін кез келген сәтте басқаруды өз қолына алуға дайын адамның болуы міндетті. Ал жоғары деңгейдегі автоматтандырылған көлік құралдарын салонда жүргізушісіз пайдалануға рұқсат етіледі, бұл ретте қашықтан бақылауды жүзеге асыратын оператордың сүйемелдеуі қамтамасыз етілуі тиіс.

Құжатта пайдалану қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптар да белгіленген. Автономды көлік құралдары деректерді тіркеу жүйелерімен, бейнебақылау құралдарымен, автоматтандырылған басқару жүйесін авариялық түрде ажырату тетіктерімен, «Автономды басқару» арнайы таңбалауымен, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысына сырттан араласудан қорғау механизмдерімен жабдықталуы тиіс.

Жолаушыларды тасымалдау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл және жол-көлік оқиғалары болған жағдайда әрекет ету мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Қағидалар автономды көлікті такси қызметтерін көрсету және тұрақты емес жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыру кезінде пайдалану тәртібін айқындайды, сондай-ақ пилоттық жоба субъектілерінің жауапкершілігін сақтандыруға қойылатын талаптарды белгілейді.

«Пилоттық жобаны іске асыру автономды көлік технологияларын нақты жағдайларда сынақтан өткізуге, құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруға, қолданыстағы реттеу тетіктерінің тиімділігін бағалауға және Қазақстан Республикасында автономды көлік саласындағы заңнаманы одан әрі дамытуға яяқалауға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов

Бірлескен бұйрықтың ресми мәтіні бес жұмыс күні ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланады.