
Мемлекет басшысы елімізде цифрлық қаржылық қызметтердің заманауи және ашық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ұлттық Банкпен, салалық мемлекеттік органдармен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп әзірлеген құжат реттелетін нарықты жүйелі түрде дамытуға, инновациялық қаржылық технологияларды қолдану аясын кеңейтуге және саланың инвестициялық тартымдылығын арттырудың негізін қалайды.
Жарлықтың басты бағыттарының бірі - төлем инфрақұрылымын жаңғырту. Атап айтқанда, трансшекаралық есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін цифрлық активтер мен стейблкоиндерді пайдалану тетіктерін пысықтау көзделген, бұл қазақстандық бизнес үшін экспорттық-импорттық операцияларды жүргізудің қосымша арналарын ашады.
Осымен қатар, криптоактивтермен жасалатын операцияларды реттелетін құқықтық алаңға көшіруді ынталандыру шаралары енгізілуде. Жоспарланған қадамдардың ішінде шетелдік реттелмейтін алаңдарда болған цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету үшін жағдай жасау, оларды отандық провайдерлердің платформаларына аудару, сондай-ақ жеке тұлғалар үшін салықтық ынталандыруларды енгізу бар: реттелетін қазақстандық инфрақұрылым арқылы жасалған цифрлық активтермен операциялардан түскен табысты жеке табыс салығын төлеуден босату жоспарлануда.
Құжатта энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануға ерекше көңіл бөлінген. Жарлық мемлекеттік мұқтаждықтарды қамтамасыз ету үшін қажет болмаған жағдайда, кен орындарындағы ілеспе мұнай және табиғи газды цифрлық майнинг қажеттіліктеріне бағытталуы мүмкін электр энергиясын дербес өндіру үшін қолдану тетігін енгізеді. Бұл шешім өңірлік инвестицияларды ынталандыруға және энергияны тиімді тұтынуға бағытталған.
Сонымен қатар, Жарлық токенделген қаржылық құралдар мен ұлттық сауда инфрақұрылымын дамытудың векторын айқындайды, бұл қолжетімді инвестициялық өнімдердің тізбесін кеңейтеді. Осы бастамаларды іске асыру мерзімдері мен жауапты орындаушыларды айқындайтын арнайы іс-шаралар жоспарында бекітілетін болады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, құжатқа қол қойылуы цифрлық индустрия үшін жаңа кезеңді білдіреді: «Мемлекет басшысы алдымызға елдің технологиялық әлеуетін дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігі жайлы нақты міндет қойды. Бұл Жарлық - Қазақстанның жаңа буын цифрлық экономикасына көшуі үшін стратегиялық негіз болып табылады. Жаңа құралдарды енгізе отырып, біз технологиялық батылдық институционалдық сенімділікпен үйлесетін ойын ережелерін қалыптастырамыз. Бүгін біз цифрлық активтер дәстүрлі қаржы сияқты түсінікті және қауіпсіз құралға айналатын ортаны құрудамыз. Біздің мақсатымыз - осы нарықтың әрбір қатысушысы үшін барынша ашықтық пен қорғауды қамтамасыз ете отырып, Қазақстанды жаһандық капитал мен құзыреттердің тарту орталығына айналдыру».
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, бұл шаралар саланың барлық қатысушылары үшін, яғни майнерлерден бастап, қаржы ұйымдарына дейін болжамды жағдайлар жасап, Қазақстанның цифрлық қаржылық шешімдердің өңірлік орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді. Жарлықты кешенді түрде іске асыру азаматтардың мүдделерін қорғау және қаржы жүйесінің қауіпсіздігі қағидаттарын қатаң сақтай отырып, бизнес пен инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.