
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, «70/30» моделі бойынша елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге жеке инвестицияларды тарту тетігін іске асыруда.
Бұл тетікті қолданысқа енгізудің құқықтық негізі телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі қабылданған Заңмен қалыптасты. Осы Заңға сәйкес деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық объектілерге жатқызылды. Сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтарының операторлары мен цифрлық майнерлерді электр энергиясының ұзақ мерзімді тұтынушылары ретінде тарта отырып, генерациялаушы қуаттарды жаңғырту мен кеңейтуге жеке инвестицияларды тарту үшін тиісті жағдайлар жасалды.
Мемлекет басшысы жариялаған жасанды интеллект жылы жағдайында сапалы есептеуіш қуаттар мен тұрақты энергетикалық базаға деген қажеттілік басым міндетке айналып отыр. Ұсынылып отырған тәсіл мемлекеттік бюджетке қосымша жүктеме түсірмей және халыққа арналған тарифтерге инвестициялық шығындарды қоспай, жаңа генерациялаушы қуаттарды жедел іске қосуға бағытталған.
Бұл тетік қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту, реконструкциялау немесе кеңейту кезінде қосымша құрылған электр қуатының 70%-ға дейінгі бөлігін ірі электр энергиясын тұтынушыларға, соның ішінде деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық майнерлерге тікелей сатуды көздейді. Ал жаңа қуаттың қалған 30%-ы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және электр энергиясына деген өсіп жатқан сұранысты өтеу үшін Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне бағытталады.
Осы тәсілді іске асыру энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға жеке капиталды тартуға, қолданыстағы генерация нысандарын жаңғыртуды қамтамасыз етуге, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
«"70/30" моделі – бұл инвестициялық шешім және бұл біздің цифрлық экономикамыздың энергетикалық тәуелсіздігінің іргетасы. Жасанды интеллектіні толыққанды дамыту және бәсекеге қабілетті деректерді өңдеу орталықтарын салу үшін біз генерацияның озық қарқынмен дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл тетік азаматтар үшін тарифтерге салмақ салмай, инфрақұрылымды жаңғыртуға жеке капиталды тартуға мүмкіндік береді және «Digital Qazaqstan» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге қуатты серпін береді», – деп атап өтті Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
Бұл тетік халықаралық инвесторлар тарапынан қазірдің өзінде қызығушылық тудырды. Бүгінгі таңда Екібастұз қаласында «70/30» моделі шеңберінде жаңа электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруды қарастырып жатқан ынталы инвестор бар.
Жоба жаңа генерациялаушы қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосуды, заманауи энергетикалық инфрақұрылым құруды және қаланы жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді.
Жүргізілген техникалық тексеру нәтижелері бойынша жобаны іске асыру мүмкіндігі расталды, сонымен бірге мүдделі тараптармен бірлесіп ұйымдастырушылық, техникалық және инвестициялық мәселелерді пысықтау жалғасуда.
«70/30» моделін енгізу елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болады, салаға қосымша инвестициялар тартуға, жаңа генерациялаушы қуаттар құруға және цифрлық экономиканың қажеттіліктері мен Қазақстан Республикасының энергетикалық жүйесі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.