
Елімізде жарияланған Жасанды интеллект жылында Технологияларды дамытудың «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру отандық бизнесті жаһандық нарықтарға ауқымдаудың негізгі драйверіне айналуда. Осы кешенді жұмыс шеңберінде B2B-стартаптарды қолдаудың жүйелі жағдайлары жасалып, кәсіпкерлерге экспортқа табысты шығу және әлемдік инновациялық экожүйеге интеграциялану үшін қажетті құралдар ұсынылады.
Astana Hub, IT Park Uzbekistan, Silkroad Innovation Hub және Alchemist ұйымдары Қазақстан мен Өзбекстанның жасанды интеллект және цифрлық даму саласындағы министрліктерінің қолдауымен АҚШ нарығына шығуды көздейтін Орталық Еуразияның B2B-стартаптарына арналған Alchemist Silkroad–Silicon Valley Residency бағдарламасының үшінші легінің басталғанын жариялайды.
Бағдарламаға өтінімдер 2026 жылғы 30 маусымға дейін қабылданады.
«Alchemist Silkroad - Silicon Valley Residency бағдарламасы аясында Орталық Еуразиядан шыққан стартап негізін қалаушылардың үшінші легін қолдауға қуаныштымыз. Бұл өңір әлемдік деңгейдегі талантты кәсіпкерлердің маңызды орталығына айналып келеді және олардың АҚШ нарығына шығуына, алғашқы клиенттер мен инвестиция тартуына көмектесуді асыға күтемін», - деді Alchemist серіктесі Кристи Канида.
Бағдарлама қатысушыларын Кремний алқабының экожүйесіне үш айлық терең ену күтіп тұр. Оның аясында АҚШ нарығына шығу, сату стратегиялары, GTM (Go-to-Market) тәсілдері және бизнесті дамыту бойынша практикалық воркшоптар, менторлармен жеке жұмыс, технологиялық индустрия көшбасшыларымен және стратегиялық серіктестермен кездесулер, сондай-ақ Кремний алқабындағы маңызды іс-шараларға қатысу қарастырылған.
«Alchemist Silkroad - Silicon Valley Residency бағдарламасы Орталық Еуразия стартаптарының Кремний алқабынан тек тәжірибе үйреніп қана қоймай, оның экожүйесіне тең дәрежеде ене алатынын дәлелдеді. Екі жыл ішінде бағдарлама арқылы жеті елден 45 стартап өтті. Олар бағдарламадан кейін 10 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартып, 25 миллион АҚШ долларынан астам табыс тапты. Біз түлектердің АҚШ нарығына шығып, келісімшарттар жасап, бағдарлама аяқталғаннан кейін де қарқынды дамуын көріп отырмыз. Бұл - біздің тәсіліміздің басты мақсаты», - деді Astana Hub басқарушы директоры Танат Үскембаев.
Бағдарламаға қатысу үшін стартаптар корпоративтік клиенттерге бағытталған B2B өнімдерін немесе сервистерін дамытуы қажет. Міндетті талаптардың қатарында негізін қалаушылардың бірінің Кремний алқабындағы бағдарламаға қатысуы, ағылшын тілін жұмыс деңгейінде меңгеруі және АҚШ-тың Делавэр штатында компанияны тіркеуі немесе тіркеуге дайын болуы бар.
Alchemist Silkroad-Silicon Valley Residency бағдарламасы және қатысуға өтінім беру туралы толық ақпаратты alchemistsvr.com сайтынан табуға болады. Екінші легтің қатысушылары туралы ақпарат astanahub.com платформасында қолжетімді.