
Қазақстанда телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша Заң қабылданды. Құжат Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әзірленген және Мемлекет басшысының үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел құру жөніндегі стратегиялық міндетін іске асыруға бағытталған.
Қабылданған Заң Қазақстанның цифрлық дамуының жаңа инфрақұрылымдық контурын қалыптастырады. Ол байланыс сапасын арттыру мен цифрлық сервистердің қолжетімділігінен бастап, деректерді өңдеу орталықтарын, цифрлық экономиканың энергетикалық базасын дамытуға, телекоммуникациялық инфрақұрылымды қорғауға және байланыс желілеріндегі алаяқтыққа қарсы күреске дейінгі негізгі бағыттарды қамтиды.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі — азаматтардың әлеуметтік маңызы бар цифрлық сервистерге (eGov, e-Otinish, Aitu мессенджері және т.б. сервистер) тарифтелмейтін қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Заң сонымен қатар телекоммуникация нарығының ашықтығын күшейтеді. Байланыс операторлары қаржылық есептілікті, байланыс тораптарының тізбесін, үлгілік шарттарды, қосылу шарттарын және инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтерін жариялайтын болады.
Ұялы байланыс сапасын арттыру үшін ұялы байланыс сигналын күшейткіштерді, репитерлерді әкелуге шектеулер енгізіледі. Мұндай құрылғыларды әкелуге тек байланыс операторларына ғана рұқсат етіледі.
Телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жеделдетуге ерекше назар аударылған. Байланыс объектілері үшін жер учаскелерін бөлу тәртібі жеңілдетіледі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда байланыс желілерін салу мүмкіндігі көзделеді.
Түзетулердің елеулі блогы деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық экономиканың энергетикалық базасын дамытуға бағытталған. Деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық объектілерге жатқызылатын болады.
Электр энергиясының ұзақ мерзімді тұтынушылары ретінде цифрлық майнерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының қатысуымен генерациялаушы қуаттарды жаңғырту мен кеңейтуге жеке инвестицияларды тарту үшін «70/30» механизмі енгізіледі.
Заңның жеке бір блогы телекоммуникациялық инфрақұрылымды қорғауға және алаяқтыққа қарсы іс-қимылға арналған. Интернет желісіне қол жеткізу, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтерін лицензиялау шарттары жаңартылады.
Азаматтарды телефон алаяқтығынан қорғау үшін заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізіледі. Абоненттер ресми қоңырауларды күдікті қоңыраулардан ажырата алады.
Бұдан бөлек, абоненттік нөмірді немесе ұялы байланыс құрылғысын үшінші тұлғаларға тұрақты пайдалануға берген кезде оларды қайта тіркеу міндеті белгіленеді.
Заңның толық мәтінімен ҚР Нормативтік құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.