Қазақстан Еуропа Кеңесінің № 108 конвенциясы комитетінде бақылаушы мәртебесін алды

Қазақстан Еуропа Кеңесінің № 108 конвенциясы комитетінде бақылаушы мәртебесін алды

Қазақстан Республикасына Жеке деректерді автоматтандырылған өңдеу кезінде жеке тұлғаларды қорғау туралы Еуропа Кеңесінің № 108 конвенциясы комитеті жанындағы бақылаушы мәртебесі ресми түрде берілді. 

Бұл шешім Комитеттің Страсбургте өткен 50-ші жалпы отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Іс-шараға ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев қатысты. Бұл алаң цифрландыру жағдайында жеке деректерді қорғау және құпиялылықты қамтамасыз ету тәсілдерін қалыптастыратын негізгі халықаралық институт болып табылатынын атап өткен жөн.

«Бақылаушы мәртебесін алу - Қазақстан үшін маңызды қадам. Бұл бізге халықаралық серіктестермен тәжірибе алмасуға және озық әлемдік тәжірибелер негізінде жеке деректерді қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Досжан Мұсалиев.

Сессия аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің вице-министрі №108 конвенция комитетінің төрағасы Беатрис де Анкоренамен және Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсемен кездесулер өткізді. Тараптар деректерді қорғау және цифрлық даму саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Бұл орайда, жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен жеке деректерді қорғау құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабында бекітілгенін қоса кеткен жөн. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрлық ортада азаматтардың деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық механизмдер мен құралдарды жүйелі түрде дамытып келеді, ал жаңа бақылаушы мәртебесі Қазақстанға халықаралық бастамаларды талқылауға белсенді қатысуға, Конвенцияға мүше мемлекеттердің тәжірибесін қабылдауға және ұлттық реттеуге заманауи стандарттарды интеграциялауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Еуропа Кеңесінің № 108 конвенциясы - жеке деректерді қорғау саласындағы құпиялылықтың жаһандық стандарттарын айқындайтын алғашқы және жалғыз көпжақты міндеттеуші келісім. Конвенция комитеті цифрлық технологиялар дәуірінде осы нормаларды өзектендіруге жауапты, халықаралық ынтымақтастықты үйлестіреді және қатысушы елдерге ұлттық заңнаманы киберқауіпсіздіктің заманауи сын-қатерлеріне бейімдеуге көмектеседі.