
alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Орталық Еуразиядағы басшыларға арналған жасанды интеллект бойынша ең ірі білім беру бизнес-бағдарламасы - «AI Leaders 2026» түлектеріне ресми сертификатпен марапаттау рәсімі өтті. Бағдарлама Стэнфорд университетінің Жасанды интеллектті зерттеу орталығымен (Stanford University Human-Centered Artificial Intelligence - HAI), «OpenAI Academy» ChatGPT әзірлеушісінің білім беру платформасымен және «Silkroad Innovation Hub» ұйымымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Бағдарлама Қазақстандағы Жасанды интеллект жылының негізгі жобаларының біріне айналды. Ол әлемнің 9 елінен (соның ішінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Катар, БӘӘ және Моңғолия) 150-ден астам ұйымның 800-ден астам басшысы мен маманының басын қосты. Қатысушылар арасында мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, қаржы институттарының, технологиялық компаниялардың, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарының өкілдері бар.
Салтанатты шара аясында Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев шараға қатысушыларды құттықтады. «Silkroad Innovation Hub» негізін қалаушы және бас директоры Әсет Әбдуалиев «AI Leaders 2026» бағдарламасының басты нәтижелерімен таныстырды. OpenAI-дың экономика саласындағы стратегі Рейчел Браун ЖИ-дің экономикалық дамудағы рөлі туралы дәріс оқыды. Сондай-ақ, шараға OpenAI-дың «Мемлекеттерге арналған білім беру» халықаралық бағытының жетекшісі Валери Фокке қатысты. Бағдарламаның бөлек бір блогы қатысушылардың өз ұйымдары үшін әзірлеген ЖИ-стратегияларының таныстырылымына арналды.
Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев:
«Жасанды интеллект жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының біріне айналып келеді. Бірақ технологиялардың өзі ғана экономика мен мемлекеттік басқаруды өзгерте алмайды. Трансформацияның басты қозғаушы күші - жаңа білімді тәжірибеде қолдана алатын және басқарушылық шешімдер қабылдауға қабілетті адамдар, мықты командалар.
«AI Leaders 2026» бағдарламасына жекелеген мамандардың емес, мемлекеттік органдар мен компаниялардың тұтас командаларының қатысқаны маңызды. Бұл жергілікті эксперименттерден ЖИ-ді нақты процестерге жүйелі түрде енгізуге көшуге мүмкіндік береді. Алынған білім мен әлемдік тәжірибеге қол жеткізу жаңа жобалардың негізіне айналып, Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту саласында қойған міндеттерін сапалы іске асыруға көмектесетініне сенімдімін» - деп атап өтті
«AI Leaders» бағдарламасының академиялық жетекшісі Stanford HAI профессоры, ЖИ бойынша әлемдік басты бестселлердің авторы, Google Research-тің экс-директоры және ҚР Президенті жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі сарапшылық кеңестің қазіргі мүшесі Питер Норвиг болды. Оның жетекшілігімен оқу материалдары біздің өңірдің ерекшеліктеріне барынша бейімделді. Онымен бірге бағдарламаға жасанды интеллект саласындағы 15-тен астам халықаралық сарапшы, соның ішінде Сэнди Пентланд, Майкл Бернстайн, Дийи Янг және Майкел Кохендерфер қатысты.
Сегіз апталық оқу барысында қатысушылар Stanford University HAI дәрістерін, OpenAI Academy тәжірибелік сабақтарын, салалық воркшоптар мен стратегиялық кеңес алуларды қамтитын 45 сағаттан астам білім беру бағдарламасынан өтті. Жалпы алғанда, өз ұйымдарына ЖИ енгізу бойынша 240-тан астам стратегиялық сессия және 120 сағаттан астам жеке менторлық кездесулер өткізілді.
Рейчел Браун, OpenAI-дың экономика саласындағы стратегі:
«Қазақстан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектті енгізу бойынша өңірлік көшбасшылардың біріне айналды және ЖИ-ді мемлекеттік институттар мен бизнес жұмысына жүйелі түрде кіріктіріп келеді. Біздің зерттеулеріміз ЖИ-ді қолданудан ең көп тиімділікті бұл технологияларды ауқымды міндеттер мен процестерде пайдаланатын ұйымдар екенін көрсетіп отыр. AI Leaders бағдарламасының түлектері өз жұмысында озық әлемдік білім мен тәжірибені қолдануға және Қазақстанда ЖИ-ді одан әрі дамытуға үлес қосуға бірегей мүмкіндік алады» - деді.
Бағдарламаға Stanford University HAI, OpenAI Academy және Silkroad Innovation Hub-тан бөлек, CAYU және Lovable компаниялары серіктес болды. Банк секторы, мемлекеттік басқару, өнеркәсіп және басқа да салалар үшін ЖИ-агенттерін әзірлеу және енгізу жөніндегі воркшоптар арқылы жасанды интеллектті тәжірибелік қолдануға ерекше назар аударылды.
«Silkroad Innovation Hub» негізін қалаушы және бас директоры Әсет Әбдуалиев бағдарламаның маңыздылығын:
«Бұны біз «AI Leaders» бағдарламасын жай ғана білім беру жобасы емес, цифрлық экономика көшбасшыларының жаңа буынын қалыптастыру платформасы ретінде құрдық. Орталық Еуразия үшін болашақты айқындайтын әлемдік сараптама орталықтары мен технологияларға тікелей қол жеткізу өте маңызды. Бүгін біз осы жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз: қатысушылар әзірлеген 100-ден астам ЖИ-стратегиясы, өз ұйымдарына жасанды интеллектті енгізуге дайын басшылар және ең бастысы - Орталық Еуразиядағы ЖИ-трансформациясы көшбасшыларының ең ірі қоғамдастығының құрылуы.
Біз үшін Астанадағы түлектерді шығару рәсімі - бұл соңы емес, ұзақ мерзімді жобалардың бастауы. Алматыда алғашқы AI Community Meetup өтті, ал жақын арада мұндай іс-шаралар Ташкент, Душанбе және Доха қалаларында ұйымдастырылады. Біз бизнес, мемлекет, университеттер мен технологиялық компаниялар арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл платформасын жасап жатырмыз. Дәл осындай қоғамдастықтар инновацияларды дамыту мен тәжірибе алмасудың негізіне айналады» - деп көрсетті.
Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар Stanford University HAI және OpenAI Academy сертификаттарын алып, Орталық Еуразияда цифрлық трансформациямен және жасанды интеллектті енгізумен айналысатын басшылардың ең ірі кәсіби қоғамдастығы - «AI Leaders Community» мүшесі атанды.