
Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында республиканың технологиялық әлеуетін паш ететін негізгі алаңға айналған жаңа alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.
Мәртебелі қонақтарға Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытудағы стратегиялық басымдықтары таныстырылды. Таланттарды тәрбиелеуден бастап, экономиканың нақты секторына ЖИ-шешімдерін енгізуге дейінгі толық циклді қамтамасыз ететін орталық делегацияны Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп Presight компаниясы жүзеге асырып жатқан қалалық инфрақұрылымды басқарудың кешенді AI-платформасы - Astana Smart City жүйесімен таныстырды. Бұл жоба ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологияларын интеграциялау нақты уақыт режимінде қалалық қызметтердің тиімділігін және елордадағы өмір сүру сапасын арттыруға қалай мүмкіндік беретінін еуропалық қонақтарға көрнекі түрде көрсетті. Кипр Президенті ЖИ-ді іс жүзінде қолдану сценарийлеріне: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, көлік ағындарын зияткерлік оңтайландыруға дейінгі мәселелерге ерекше назар аударды.
Айта кетсек, бұл сапар екі елдің жоғары технологиялық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын айқындады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің кездесуі аясында, мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Кипр Республикасының Зерттеулер, инновациялар және цифрлық саясат жөніндегі кіші министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат АКТ, электрондық үкімет, ғарыш қызметі, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалардың берік негізін қалады.
Бүгінде alem.ai халықаралық орталығы ІТ-таланттарды тартатын негізгі хаб мәртебесін сенімді түрде бекітіп, технологиялық көшбасшылар мен шет мемлекеттердің бірінші тұлғаларының қызығушылығын тудыруда, сонымен қатар Қазақстанның цифрлық жетістіктерін паш ететін басты халықаралық подиумға айналып келеді. Орталық алаңы өршіл технологиялық бастамалардың таныстырылымдарын біріктіреді және еліміздің инновациялық экожүйесінің орталық буыны ретінде әрекет етеді.