Қазақстанда қуаты 200 МВт дейінгі дата-орталық салу туралы меморандумға қол қойылды

Қазақстанда қуаты 200 МВт дейінгі дата-орталық салу туралы меморандумға қол қойылды

GITEX AI халықаралық технологиялық форумы аясында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрамына Dornan Engineering Group (Turner Construction Company) және JMOTO4 кіретін халықаралық консорциуммен ынтымақтастықтуралы меморандумға қол қойды.

Меморандум Қазақстан Республикасының аумағында сенімділігі жоғары Tier III-Tier IV деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығын (ДӨО) салу жобасын іске асыруды көздейді. Объектінің жоспарланған қуаттылығы 50-ден 200 МВт-қа дейін жетеді. Қуаттылығы 200 МВт болатын (Tier IV деңгейі) деректер орталығының құрылысына салынатын инвестицияның болжамды көлемі 1-ден 1,5 млрд АҚШ долларына дейінгі аралықты құрайды.

Жобаны энергиямен жабдықтаудың тұрақты тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қуаттылығы 250 МВт-қа дейінгі газ электр станциясын салу жоспарланған. Бұл нысанға салынатын инвестиция көлемі 200-ден 400 млн АҚШ долларына дейін бағалануда. Аталған жобаны Ample Solution Limited компаниясы жүзеге асыратын болады.

Қазіргі таңда жобаның орналасатын жері таңдалуда. Басымдық газ инфрақұрылымына жақын орналасқан алаңдарға беріледі, бұл энергияны тиімді өндіруге және нысанның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жол ашады.

«Қазақстанның бірегей географиялық орналасуы, салқын климаты мен электр энергиясының салыстырмалы түрде қолжетімділігі халықаралық деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды», деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Бұл жобаны іске асыру еліміздің цифрлық инфрақұрылымын ілгерілетуге, шетелдік инвестиция тартуға және Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі беделін нығайтуға септігін тигізеді.