Қазақстанда «Data Center Valley» жобасын ілгерілету мақсатында үшжақты Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Қазақстанда «Data Center Valley» жобасын ілгерілету мақсатында үшжақты Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және егеменді инфрақұрылым мен ЖИ платформаларына маманданған Aleria компаниясы арасында үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл оқиға елдегі егеменді бұлттық технологиялар мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып табылады.

Қол қою рәсімі Астанадағы Alem AI халықаралық орталығында Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Бағдат Мусиннің және Aleria компаниясының бас атқарушы директоры Эрик Леандридің қатысуымен, сондай-ақ Aleria-ның даму жөніндегі директоры доктор Мохаммад Халедтің қолдауымен өтті.

Павлодар облысының Екібастұз қаласында орналасатын Data Center Valley жобасы жоспарланған энергия қуаттылығы бір гигаватқа дейін жететін Орталық Азиядағы ең ірі деректерді өңдеу орталықтарының кампусы ретінде жоспарланған. Жоба іске қосылғаннан кейін Қазақстанды цифрлық инфрақұрылымның өңірлік хабы ретінде бекітіп, егеменді жасанды интеллектіні дамытуға мүмкіндік береді.

Меморандум тараптардың инвестиция тартуға, ұлттық инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстандағы технологиялық шешімдерді локализациялауға ерекше назар аудара отырып, жобаны жүзеге асырудағы бірлескен ниетін көрсетеді. Сондай-ақ, құжат бұлттық технологиялар мен ЖИ-дің тұрақты экожүйесін қалыптастыру мәселелерін қамтып, бұл процестегі әрбір қатысушының рөлін айқындайды.

Меморандум аясында тараптар бірлескен бастамалар, білім алмасу және ынтымақтастықтың нақты бағыттарын зерделеу арқылы өзара іс-қимыл жоспарларын белгіледі. Келісім Қазақстанда заманауи цифрлық инфрақұрылым құруға және егеменді бұлт пен ЖИ-ді ұлттық бақылаумен басқару бойынша елдің ұзақ мерзімді әлеуетін нығайтуға бейілділігін растайды.

Тараптар бұл ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның ұлттық цифрлық трансформациясына ықпал ететін нәтижелерге қол жеткізу үшін диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Aleria компаниясы туралы

Aleria - штаб-пәтері Абу-Дабиде орналасқан, егеменді ЖИ инфрақұрылымы мен платформалары саласындағы компания. Компания жергілікті инфрақұрылымды дамытуды, технологияларды локализациялауды және ЖИ-ді ұлттық бақылаумен басқарудың ұзақ мерзімді институционалдық әлеуетін қолдай отырып, ұлттық ауқымда егеменді ЖИ мүмкіндіктерін жасау үшін үкіметтермен және кәсіпорындармен ынтымақтасады. Aleria мемлекеттік деңгейде егеменді ЖИ шешімдерін енгізу үшін NVIDIA және DDN компанияларымен серіктестікте жұмыс істейді.