AI Governance Cup қорытындысы: Мемлекеттік органдар арасындағы үздік ЖИ жобалар анықталды

AI Governance Cup қорытындысы: Мемлекеттік органдар арасындағы үздік ЖИ жобалар анықталды

Астанада, alem.ai орталығының алаңында AI Governance Cup алғашқы ұлттық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Осы жылдың наурыз айында басталған жобаның финалының марапаттау рәсімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті, бұл еліміздің жасанды интеллект трансформациясының стратегиялық маңыздылығын айқындай түседі.

Қатысу үшін мемлекеттік органдардан, квазимемлекеттік сектор ұйымдарынан және әкімдіктерден барлығы 184 өтінім түсті. Комиссия құрамына қазақстандық және халықаралық сарапшылар, соның ішінде ҚР Президенті жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі кеңес мүшелері кірді. Байқауға әлемдік деңгейдегі сарапшылардың: Sinovation Ventures негізін қалаушы Кай-Фу Ли мен Стэнфорд университетінің профессоры Питер Норвигтің қатысуы ерекше маңыз берді. Олардың қатысуы ұсынылған әзірлемелердің әлеуетіне сапалы сыртқы баға алуға мүмкіндік берді.

Іріктеу қорытындысы бойынша ауқымын кеңейтуге дайындығын және нақты әлеуметтік әсерін көрсеткен алты номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

«AI Азаматтарға қызмет» санатында Қарағанды облысы әкімдігінің «Цифрлық реанимация» жобасы - медициналық жабдықтардан деректерді нақты уақыт режимінде зияткерлік жинау және талдау жүйесі үздік деп танылды.

«AI Экономика» номинациясында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «AI-Internal Audit» жүйесімен жеңіске жетті - бұл басқарушылық шешімдердің дәлдігін арттыратын және нарықтарды неғұрлым ашық реттеуге ықпал ететін деректерді талдау жүйесі.

Астана қаласының әкімдігі «AI Әлеуметтік саясат» секциясында жасанды интеллект негізіндегі медициналық тексеру платформасы үшін марапатқа ие болды, бұл платформа әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілердің комиссиядан өту мерзімін 75%-ға қысқартты.

Қауіпсіздік саласындағы «AI Қауіпсіздік» номинациясында 30 000 камерадан компьютерлік көруді пайдаланатын «TOR» Жол қауіпсіздігінің бірыңғай республикалық цифрлық платформасымен ҚР ІІМ көш бастады.

Ақмола облысының әкімдігі «Smart Aqmola» жүйесімен - негізгі көрсеткіштерді мониторингтеуді, нақты уақыт режимінде тәуекелдерді анықтауды және деректер негізінде жедел шешімдер қабылдауды қамтамасыз ететін өңірді басқарудың зияткерлік платформасымен «AI Өңір» номинациясында үздік деп танылды.

Квазимемлекеттік секторда «AI Квазисектор» номинациясында «KEGOC» АҚ «AI.KEGOC Ұлттық зияткерлік энергия жүйесі» жобасымен елдің энергия тұтынуын зияткерлік болжағаны үшін жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетейік, AI Governance Cup байқауы үздік тәжірибелермен алмасудың негізіне айналды, бұл сәтті кейстерді бүкіл республика бойынша таратуға және жоғары технологиялар әрбір азаматтың мүддесіне қызмет ететін тұрақты экожүйе құруға мүмкіндік береді.

Конкурс ұйымдастырушылары Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.