Қазақстан мен Халықаралық электрбайланыс одағы цифрлық серіктестікті нығайтуда

Қазақстан мен Халықаралық электрбайланыс одағы цифрлық серіктестікті нығайтуда

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде маңызды кездесу өтті. Вице-министр Досжан Мұсалиев пен Халықаралық электрбайланыс одағы (ХЭО) Бас хатшысының орынбасары Томас Ламанаускас 2026 жылы өтетін ХЭО-ның Өкілетті конференциясына (PP–26) дайындық барысын талқылады.

Кездесудің басты тақырыбы Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясындағы жобаларды жүзеге асыру болды. Досжан Мұсалиев еліміздің технологиялық саладағы соңғы жетістіктеріне тоқталып, ұлттық суперкомпьютердің іске қосылғанын және заңнамалық негіз болатын Цифрлық кодекстің қабылданғанын жеткізді. Бұл қадамдар Қазақстанның аймақтық цифрлық хаб ретіндегі беделін айқындай түспек.

Инфрақұрылымдық жобаларға келетін болсақ, вице-министр ауқымды жоспарлармен бөлісті. Оның ішінде Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, әлемдік технологиялық компанияларды тартуға арналған «Деректер өңдеу орталықтарының алқабын» құру және 2027 жылдың соңына дейін 3000-нан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары бар.

Өз кезегінде Томас Ламанаускас Қазақстанның GovTech және инклюзивті жасанды интеллект саласындағы тәжірибесіне жоғары баға берді. Ол қазақстандық үлгінің цифрлық алшақтықты жоюда басқа мемлекеттер үшін өте өзекті екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан 2027–2030 жылдар аралығында ХЭО-ның негізгі сайланбалы органдарында өз қызметін жалғастыруға ниетті. Вице-министр атап өткендей, ұйымның Кеңесі мен Радиобайланыс регламенті комитетіне мүше болу аймақтың мүддесін қорғау мен ортақ цифрлық болашақты құру үшін стратегиялық маңызға ие.

Кездесу соңында тараптар 2026 жылдың қарашасына жоспарланған жаһандық конференция аясындағы бірлескен іс-қимылдарды пысықтады.