
Астанада киберқауіпсіздік саласындағы ең өзекті тақырыптардың бірі - посткванттық криптографияны дамытуға арналған сарапшылардың дөңгелек үстелі өтті.
Посткванттық криптография - бұл тіпті кванттық компьютерлер пайда болған кезде де сенімді болып қалуы тиіс шифрлау тәсілдері. Қазіргі уақытта деректерді қорғаудың көптеген жүйелері кәдімгі компьютерлер үшін бұзу өте қиын алгоритмдерге негізделген. Бірақ болашақта кванттық компьютерлер мұны әлдеқайда жылдам жасай алуы мүмкін. Сондықтан посткванттық криптография - дәл осындай қауіпке есептелген қорғаныстың жаңа деңгейі.
Шараға жетекші ғалымдар, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті өкілдері, мемлекеттік органдардың қауіпсіздік жөніндегі сарапшылары және ІТ-индустрия көшбасшылары қатысты. Қатысушылар ұлттық шифрлау стандарттарының киберқауіптердің жаңа түрлеріне төзімділігін және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді ұзақ мерзімді қорғау мәселелерін талқылады.
Министрлік өкілдері посткванттық криптографияға көшу қажеттілігі кванттық технологиялардың дамуымен байланысты екенін, әлемде кванттық шешімдерді енгізудің ауқымды тәжірибесі енді ғана қалыптасып жатқанын, сондықтан Қазақстан үшін алдын ала әрекет ету маңызды екенін атап өтті. Қорғаудың ұлттық алгоритмдерін құру елдің есептеу қуаттарын дамытумен тығыз байланысты. Меншікті суперкомпьютердің болуы посткванттық стандарттарды сынау үшін күрделі есептеулер жүргізуге ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік деңгейде үлкен деректерді (Big Data) қауіпсіз өңдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы кезеңдегі негізгі міндеттер - инфрақұрылымның жаңа алгоритмдерге көшуге дайындығын бағалау және ғылым, мемлекет пен бизнестің күшін біріктіру. Бұл бүгінде шифрланған деректер болашақта бұзылу үшін қолды болуы мүмкін «кейінге қалдырылған шифрды ашу» тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында жетекші сарапшылар өз ойларымен бөлісті: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Цифрлық ғылымдар институтының директоры Шахмаран Сейілов және Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығының директоры Медеу Әбішев мәселеге ғылыми тұрғыдан шолу жасады. Салалық сараптаманы ҒЖБМ Ғылым комитетінің, ҰҚК Мемлекеттік байланыс қызметінің, «ҰАТ» АҚ өкілдері, сондай-ақ Palo Alto Networks, «Гамма Технологии», «Цифрлық ағын - Инновациялар» және «AK Kamal Security» технологиялық серіктестері қамтамасыз етті.
Сарапшылар нақты технологиялық қадамдарды әзірлеу үшін бейінді жұмыс тобын құру қажеттілігін көрсетті. Кездесу қорытындысы бойынша елдің цифрлық егемендігін нығайту және азаматтардың деректерін сенімді қорғау үшін посткванттық шешімдерді кезең-кезеңімен сынақтан өткізу туралы шешім қабылданды.