БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының сессиясында цифрлық даму стратегиясы таныстырылды

БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының сессиясында цифрлық даму стратегиясы таныстырылды

Қазақстан делегациясы Азия мен Тынық мұхиты үшін БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 82-ші сессиясына қатысты. Шара өңірдегі 50-ден астам елдің өкілдерін біріктірді.

Сессия аясында Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жоғары деңгейдегі қатысушыларға үндеу жолдаса, Бангкок алаңындағы цифрлық күн тәртібінің практикалық аспектілерін бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин таныстырды.

Қазақстанның осы Сессияның тең төрағасы болып сайлануы делегация жұмысының маңызды бөлігі болды. Бұл еліміздің тұрақты даму саласындағы келісілген өңірлік күн тәртібін әзірлеудегі тәжірибесі мойындалғанын растайды.

Сенімді жасанды интеллектінің болашағы Қазақстан мен аталмыш комиссияның бірлесіп ұйымдастырған «Side Event» арнайы іс-шарасында жіті талқыланды. ЖИ-ді жауапты енгізу мәселесі қаралған жиынға Азия мен Тынық мұхиты үшін БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы Армида Салсия Алисджабанмен өңір елдерінің байланыс министрлерін қоса алғанда, 100-ден астам қатысушы жиналды.

Ростислав Коняшкин еліміздің төрт негізге: сапалы деректерге, есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға және мықты институттарға сүйенетін «интеллектуалды үкіметке» көшу бағытын таныстырды. Қазақстанның бүкіл өңірде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу үшін ашық серіктестікке және Smart Bridge жүйесі мен eGov сервистері сияқты сыналған шешімдерді бөлісуге дайын екені атап өтілді.

Бұл сессия 2024 жылы Астанада өткен Министрлік конференциясында бастау алған бастамаларды дамытудағы маңызды кезең болды және 2026 жылдың басында 15 ел делегациясының alem.ai халықаралық орталығына жасаған жуырдағы сапарымен нығайтылды. Аталған сапар барысында Қытай, Үндістан, Бангладеш және Азия-Тынық мұхиты өңірінің өзге де мемлекеттерінің өкілдері Қазақстанның GovTech саласындағы цифрлық шешімдеріне жоғары қызығушылық танытты.

Өз сөзінде Жаслан Мәдиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке жетекшілігімен еліміздің орнықты цифрлық экожүйе қалыптастырғанын атап өтті. Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның онлайн қызметтер индексі бойынша әлемде 10-орында. Осы тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан барлық мүдделі елдермен өз білімдері мен шешімдерімен бөлісуге дайын.

Сессия аясында бірқатар екіжақты кездесулер, соның ішінде Маршалл аралдары, Самоа өкілдерімен және Тайландтың ETDA атқарушы директоры Чайчана Митрпантпен келіссөздер өтті. Қазақстан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының сараптамасымен, eGov мобильді шешімдерімен және Smart Bridge платформасымен бөлісуге дайын екенін растады. Сондай-ақ, трансшекаралық киберқауіптермен күресу үшін 2025 жылғы Бангкок мәлімдемесіне тең автор ретінде қосылды.