Қазақстан технологиялардың таза экспортеріне айналды: 2025 жылы IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд доллардан асты.

Қазақстан технологиялардың таза экспортеріне айналды: 2025 жылы IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд доллардан асты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан стратегиялық маңызды межеден өтті: отандық IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банк тіркеген бұл көрсеткіштер елдің технологиялардың таза экспортеріне айналғанын айғақтайды. Қазіргі экспорттық түсім көлемі шетелдік цифрлық шешімдер импортына жұмсалған шығындардан 2,6 еседен асады. 

Айта кету керек, экспорттық түсімнің 1,1 миллиард долларлық деңгейге жетуі - елдің цифрлық экожүйесінің кемелденгенінің көрсеткіші. Ұлттық Банк деректері қазақстандық IT-шешімдер бүгінде әлемнің 110-нан астам елінде сұранысқа ие екенін растайды. Қазіргі басты басымдық - отандық инновацияларды жаһандық қосылған құн тізбегіне интеграциялау үшін Кремний алқабынан Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі халықаралық хабтар желісі арқылы бұл ықпалды одан әрі кеңейту. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі кешенді шараларды жүзеге асыруда және оның негізгі драйвері Astana Hub болып қала береді: оның резиденттерінің экспорты 633 млн АҚШ долларына жетті. Бүгінде 537 компания шетелге сауда жасап отыр, ал жеткізу географиясы Германия, Испания, Нидерланды және БАӘ-ні қамтиды. Экожүйеде 32,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, ал e-residency жобасы 6 мыңнан астам шетелдік маманның Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымына қол жеткізуін қамтамасыз етті. 

«IT-қызметтер экспортын дамыту - еліміздің толыққанды цифрлық экономикасын қалыптастыру бойынша ҚР ЖИЦДМ Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің жүйелі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде біз қазақстандық IT-компаниялардың халықаралық нарықтарға шығуына, өз шешімдерін ауқымдандыруына және жаһандық цифрлық экономиканың бір бөлігіне айналуына дәйекті түрде жағдай жасап келеміз. 1 млрд долларлық меже - құрылған қолдау шараларының, экожүйені дамытудың және халықаралық деңгейде ілгерілетудің нәтиже беріп жатқанының маңызды көрсеткіші. Біздің міндетіміз - осы өсімді нығайту және цифрлық қызметтер экспортын одан әрі арттыру үшін орнықты негіз қалау», - деп атап өтті ҚР ЖИЦДМ Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов.

Елдің жаһандық деңгейдегі қатысуы Пало-Альто, Шанхай және Дубайдағы халықаралық инновациялық хабтар арқылы да нығаюда. Дамудың жаңа векторы Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы болды: Ташкентте өткен CEVF 2026 форумында Astana Hub, IT Park Uzbekistan және Big Sky Capital венчурлық қоры арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Серіктестік Малайзияда технологиялық хаб ашуды көздейді, ол қазақстандық стартаптар үшін жаңа перспективалы нарықтарға шығу нүктесіне айналады. Silkway Accelerator және Hero Training сияқты акселерация бағдарламалары жергілікті идеяларды бәсекеге қабілетті экспорттық өнімге айналдыруды жалғастыруда.