Цифрлық қорғаныс пен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау AntiFraud Forum Kazakhstan форумының басты тақырыптарына айналды.

Цифрлық қорғаныс пен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау AntiFraud Forum Kazakhstan форумының басты тақырыптарына айналды.

Астанада қаржы секторы мен цифрлық ортадағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған негізгі салалық алаң – AntiFraud Forum Kazakhstan форумы өтті. Форумға банктердің топ-менеджерлері, қаржылық технологиялар нарығының көшбасшылары, мемлекеттік органдар өкілдері және киберқауіпсіздік саласының жетекші сарапшылары қатысты. Форумның негізгі тақырыптары қаржы институттарының кибершабуылдарға төзімділігін арттыру, заманауи антифрод технологияларды енгізу және салааралық өзара іс-қимылды дамыту болды.

Форум жұмысына Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Т.С. Мустагулов және төраға орынбасары У.Ш. Арыкбекова қатысты. Өз сөздерінде ведомство өкілдері халықтың кибергигиенасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда: азаматтарға өз атына несие рәсімдеуді ерікті түрде шектеуге мүмкіндік беретін «Стоп Кредит» сервисі, Nomad Guard платформасы және пайдаланушыларды дербес деректерді қорғаудың базалық қағидаларына үйретуге арналған CitizenSec білім беру шешімі секілді елдің цифрлық қауіпсіздігінің маңызды элементтеріне айналған негізгі қорғаныс құралдары таныстырылды.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі - жеке өмірді, дербес деректерді және цифрлық құқықтарды қорғауға қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына енгізілген өзгерістерді талқылау болды. Конституциялық кепілдіктерді күшейту барлық нарық қатысушыларынан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде кешенді тәсілді талап ететіні атап өтілді.

Форум қатысушылары алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың практикалық кейстерін, тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдерін және күмәнді операцияларды анықтауда деректер сараптамасының маңызды рөлін жан-жақты талқылады.

Сондай-ақ, бірыңғай қорғаныс кеңістігін қалыптастыру үшін мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. AntiFraud Forum Kazakhstan форумының өткізілуі азаматтардың қаржылық сервистерге деген сенімін арттыруға және елде қауіпсіз цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік стратегияны жүзеге асырудағы кезекті маңызды қадам болды.