
Ғылым, бизнес және мемлекеттің өзара әрекеттесуінің негізгі цифрлық құралы болып табылатын astanahub платформасы базасындағы Ұлттық инновациялық жүйенің «Бірыңғай терезесі» арқылы Қазақстанда ғылыми инфрақұрылымды іздеу ыңғайлы бола түсуде.
Осы экожүйені дамыту аясында зерттеу ұйымдарының технологиялық әлеуеті туралы деректер елімізде алғаш рет жүйелі түрде цифрландырылған E-lab модуліне - зертханалар мен ғылыми жабдықтардың бірегей базасына ерекше назар аударылды.
Бұл базаны дамыту зерттеулер жүргізу мақсатында зертханалар мен жабдықтарды іздеуді жеңілдету, қолданыстағы ғылыми инфрақұрылымды пайдалану тиімділігін арттыру және ғылым мен бизнес арасындағы кооперацияны дамыту бойынша стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған. Мәліметтердің бір жерге шоғырлануы арқасында пайдаланушылар зертханаларды нақты бағыттар, параметрлер мен өңірлер бойынша таба алады. Өзекті құрылымдалған ақпаратқа қол жеткізіп, ғылыми ұйымдармен тікелей байланыс орнатады. Бұл ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізуді айтарлықтай жеделдетеді. Ғылыми ұйымдар үшін бұл жүйеге қатысу өз инфрақұрылымын кең аудиторияға таныстыруға, жаңа серіктестер мен тапсырыс берушілерді табуға, сондай-ақ зертханалардың жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді.
«Ұлттық инновациялық жүйенің «Бірыңғай терезесін» дамыту - ғылым мен бизнестің тікелей байланыса алатын ашық әрі тиімді технологиялық ортаны құрудағы маңызды қадам. E-lab модулінің интеграциясы инноваторлар мен кәсіпорындарға зерттеу зертханалары мен заманауи жабдықтарға ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, еліміздің ғылыми әлеуетін алғаш рет жүйелі түрде цифрландыруға мүмкіндік береді. Біз әрбір ғылыми ресурс экономиканың игілігіне жұмыс істеуіне, ал цифрлық құралдар мен ЖИ технологиялары идеядан нақты өндіріске дейінгі жолды жеделдетуге көмектесуіне ұмтыламыз», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Қазіргі таңда аталмыш база 2000-нан астам IT-компания мен 900 ғылыми ұйымның басын қосып отыр және кәсіби қоғамдастықтың қатысуымен белсенді түрде толығуын жалғастыруда.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаңа ұйымдарды платформада тіркелуге және өз деректерін өзектендіруге шақырады. Ортақ инновациялық жүйеге интеграциялану ғылыми ресурстардың көрнеулігін арттырып қана қоймай, болашақта жобаларды мониторингтеу мен қолдау жасанды интеллект құралдарымен күшейтілетін ашық бәсекелестік ортаны қалыптастыруға негіз болады.