
Digital Qazaqstan 2026 форумы аясында Қазақстанда Red Bull Basement халықаралық AI стартап-инкубаторының ұлттық финалы өтті. Бұл жобаға студенттер мен жас кәсіпкерлер қатысып, жасанды интеллект көмегімен түрлі технологиялық шешімдер ұсынды.
Әлемнің 40-тан астам елінен қатысушылар грантқа ұмтылып, өз жобаларын АҚШ-тағы Кремний алқабындағы халықаралық финалда таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама қатысушыларға тек тәжірибе ғана емес, стартапты іске қосуға нақты мүмкіндік береді: бас жүлде 100 000 доллар, сондай-ақ халықаралық менторлармен, инвесторлармен және Microsoft пен AMD сияқты технологиялық серіктестермен жұмыс істеу мүмкіндігі бар.
Қазақстанда ұлттық іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды: қатысушылар өз идеяларын сипаттап өтінім тапсырды, кейін видео-питчтер дайындады. Ал Digital Qazaqstan форумы аясында финалистер жобаларын сахнада таныстырып, сарапшылардан бағалау алды.
Ең үздік командалар өз шешімдерін жетілдіріп, елдегі жетекші сарапшылар мен инвесторларға ұсынуға мүмкіндік алды.
«Red Bull Basement – жас инноваторларға өз идеяларын ұлттық деңгейде көрсетуге және оны халықаралық аренаға шығаруға қолдау алатын ерекше мүмкіндік. Digital Qazaqstan сияқты алаңдар талантты жастар мен технологиялық қоғамдастықты біріктіреді. Мұндай бағдарламалар жаңа инновациялық көшбасшылардың әлеуетін ашады және елдің цифрлық экономикасын дамытуға ықпал етеді», – деді Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаев.
Red Bull Basement Kazakhstan 2026 қатысушылары өз жобаларын эксперттік қазылар алқасының алдында таныстырды. Қазылар құрамында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Women in Tech Kazakhstan бас директоры Асем Болатжан, Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаев, Red Team Accelerator Chief Program Officer Николай Тян және Red Team Accelerator бас директоры, фаундері Евгений Фролов болды.
Ұлттық іріктеуге қатысқан жобалар медицина мен қалпына келтіру технологияларынан бастап, қалалық моделдеу және логистикадағы жасанды интеллект шешімдеріне дейінгі салаларды қамтыды. Олардың ішінде: ЖИ негізіндегі бас ауруларын диагностикалау және басқару платформасы, қолдың қалпына келтіруіне арналған жеңіл киілетін экзоскелет, қалалық кеңістіктерді өзгерту шешімдері, транспорт ағындарын оңтайландыру және медициналық кескіндерді талдау үшін AI-жүйелер. Сондай-ақ дауыс ассистенттері, инженерлік желілерді автоматты жобалау платформалары және мал денсаулығын бақылау жүйелері таныстырылды. Барлық жобалар жоғары технологиялық деңгейге және кеңінен дамытуға лайық әлеуетке ие.
Питч-сессиялардың қорытындысы бойынша Red Bull Basement 2026 ұлттық финалының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ең инновациялық және әлеуметтік маңызы бар жобалар ерекше атап өтілді. Ұлттық кезеңнің жеңімпазы болып COLO.AI жобасының фаундері Артур Жақсығалиев марапатталды.
Red Bull Basement – бұл жай ғана стартап инкубаторы емес, әлемдік деңгейде ықпалы бар инновациялық AI шешімдерін жасауға ұмтылатын жас командалар үшін толыққанды бастапқы платформа.
Айта кетерлігі, Digital Qazaqstan 2026 форумы серіктестер мен демеушілердің қолдауының нәтижесінде ұйымдастырылды. Барлық шығын демеушілер есебінен жабылды.
Форумның бас серіктесі Freedom Bank – жеке және корпоративтік клиенттерге қызмет көрсететін қазақстандық цифрлық банк, Freedom Holding Corp. құрамына кіреді. Банк Қазақстанда алғаш болып ипотека, автонесие және бизнес несиелерін толық цифрландырды, сондай-ақ елдегі алғашқы INVEST CARD инвестор картасын ұсынды.
Платиналық серіктес Alageum Electric – электр энергетикасы, машина жасау және инфрақұрылымдық құрылыс салаларында жұмыс істейтін, 30-дан астам кәсіпорынды біріктіретін ірі электротехникалық компаниялар тобы.
Алтын серіктес – Қазақтелеком.
Инновациялық серіктестер – WSE, Damumed.
Серіктес – Visa.
Форумды Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ұйымдастырды.