5.0 индустриясы: Цифрлық кодекс инновациялар мен қауіпсіздік теңгерімін қамтамасыз етеді

5.0 индустриясы: Цифрлық кодекс инновациялар мен қауіпсіздік теңгерімін қамтамасыз етеді

Бүгін «Digital Qazaqstan» республикалық форумы аясында сарапшылар мен мемлекеттік сектор өкілдері цифрлық әлемнің жаңа «конституциясы» - Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексін талқылады. Пікірталас орталығында инновацияларды адам құқықтарын қорғаумен ұштастыра отырып дамыту мәселесі болды. Сессияда ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун баяндама жасады.

Вице-министрдің айтуынша, Кодекстің қабылдануы - бұл еліміздің жекелеген IT-шешімдерден біріңғай, түсінікті және қауіпсіз цифрлық архитектура құруға саналы түрде көшуі. Құжат заңнамалық деңгейде алғаш рет қазақстандықтардың цифрлық құқықтарын бекітеді. Енді әрбір азаматтың «цифрлық ұмытылу» құқығы, анонимдік және дербес деректерді өңдеуді қатаң бақылауда нақты кепілдіктері бар.

Жасанды интеллектінің есеп беру міндеттілігі маңызды жаңалық болды. Кодекс егер алгоритмдер қабылдаған шешімдер адамның мүддесіне әсер етсе, оларды қайта қарау құқығын енгізеді. Бұл ЖИ-ді қолдануды ашық әрі әлеуметтік жауапты етеді. Сонымен қатар, заң болашақтың технологияларына жол ашады: смарт-келісімшарттар, бөлінген жүйелер мен биометриялық сәйкестендіру ресми мәртебеге ие болып, бизнес пен азаматтардың өмірін жеңілдетеді.

Дмитрий Мун цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді қолдану енді мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысы үшін міндетті стандартқа айналатынын ерекше атап өтті. Барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жыл сайын цифрлық даму бағдарламаларын іске асырады, ал олардың нәтижелері басшылар жұмысының тиімділігін көрсететін тікелей көрсеткіш болады. Бұл нақты нәтижелерге алып келуі тиіс.

Сессия қатысушылары көршілес елдердің тәжірибесін, атап айтқанда цифрлық заңнамалық базасын белсенді қалыптастырып жатқан Қырғыз Республикасындағы әріптестерінің жұмыстарын талқылады. Пікір алмасу барысында деректер мен ЖИ-ді реттеудің өңірлік стандарттарын құру бүкіл Орталық Еуразия кеңістігінде мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы сенімді нығайтуға көмектесетінін көрсетті.

Жиынға қатысушылар Кодекс - бұл тірі әрі икемді құрал деген ортақ пікірге келді. Ол тек ағымдағы процестерді реттеп қана қоймай, Industry 5.0 технологияларын қауіпсіз енгізудің негізін қалайды, бұл Қазақстанды жаһандық технологиялық инвестициялар үшін тартымды алаңға айналдырады.