Шымкентте байланыс сапасы тексеріліп, инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды

Шымкентте байланыс сапасы тексеріліп, инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков жұмыс сапары барысында Шымкент қаласындағы мобильді байланыс сапасын, соның ішінде қамту деңгейі төмен аймақтарды («ақ дақтар») тексерді.

Сапар аясында делегация Наурыз және Нұртас шағынаудандарындағы байланыс сапасы нашар учаскелерді аралап, онда байланыс үзілістері тіркелгені анықталды.

Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бірқатар факторларға байланысты тежеліп отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, электр желілеріне қосылудағы қиындықтар және тұрғындардың базалық станциялар орнатуға деген сақтық көзқарасы әсер етуде.

Осы мәселелерді түсіндіру мақсатында қала тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Кездесулерге цифрландыру басқармасының, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің және байланыс операторларының өкілдері қатысты. Тұрғындарға базалық станциялардың жұмыс істеу қағидаттары түсіндіріліп, олардың санитариялық нормалар мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетіні жеткізілді.

Сонымен қатар, сапар барысында байланыс нысандарын электр желілеріне қосу және инфрақұрылым құрылысының мерзімдерін қысқарту мәселелері талқыланды.

Кездесулер қорытындысы бойынша тұрғындармен диалогты жалғастыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және қаладағы байланыс сапасын жақсарту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.