
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің цифрландыру жөніндегі жұмыс тобы тең төрағаларының онлайн-кеңесі өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы 2026 жылғы 2 шілдеде Президенттің қатысуымен өтетін Шетелдік инвесторлар кеңесінің алдағы 38-ші Пленарлық отырысына дайындық мәселесі болды. Алдағы сессия «Жасанды интеллект және цифрлық егемендік: Қазақстандағы ұлттық технологиялық экожүйелерді дамыту» атты стратегиялық мәселеге арналады.
Талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, KPMG-дің Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі және атқарушы директоры Сәкен Жұмашев, сондай-ақ «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева қатысты.
Диалог барысында тараптар Жұмыс тобының ағымдағы жылға арналған басымдықтарын айқындап, ЖИ технологияларын экономиканың нақты секторы мен мемлекеттік басқаруға енгізуге, елдің технологиялық егемендігін қамтамасыз ету үшін цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ Қазақстанда ауқымды жобаларды іске асыруға халықаралық технологиялық алпауыттарды тартуға баса назар аударды. Сонымен қатар қатысушылар жасанды интеллектіні қолданудың практикалық кейстеріне арналған тақырыптық дөңгелек үстел өткізу жоспарларын талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар бұл жұмыстарды белсенді жалғастыру ниетін растады. ЖИ мәселелеріндегі мемлекет пен халықаралық инвесторлардың тығыз серіктестігі Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының негізіне айналып, елдің жетекші өңірлік технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етуге тиіс.