
Astana Hub AI’preneurs бағдарламасының төртінші легіне өтінім қабылдау басталғанын хабарлайды. Бұл – жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамытуға арналған акселерациялық бағдарлама. Биыл бағдарлама жаңартылған форматта alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында өтеді.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 27 наурызға дейін astanahub.com платформасында жүргізіледі.
Бағдарлама әртүрлі елдерден келген мамандарды бір ортаға жинайды. Қатысушылар идеяны қалыптастырудан бастап, команда құру, MVP әзірлеу, алғашқы пилоттық жобаларды іске асыру және инвестиция тартуға дейінгі стартапты дамыту кезеңдерінен өтеді. Бағдарламаға әзірлеушілер, инженерлер, жасанды интеллект саласының мамандары, өнім менеджерлері, кәсіпкерлер мен стартап жобаларын бастағысы келетін басқа да мамандар қатыса алады. Іріктеу кезінде қатысушылардың өнім жасай алу қабілетіне, гипотезаларды жылдам тексеріп, нақты нәтиже көрсете алуына ерекше мән беріледі.
«AI’preneurs бағдарламасының алдыңғы лектеріне 960-тан астам өтінім түсті. Нәтижесінде 79 қатысушы бағдарламаны аяқтап, 35 стартап құрылды. Олар бүгінде 400 мың доллардан астам инвестиция тартты. Бұл көрсеткіштер өңірде AI-кәсіпкерлер қауымдастығының қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Біздің мақсатымыз – әртүрлі саладағы талантты мамандарды біріктіріп, сол ортада жаңа идеялардың пайда болуына және жаһандық деңгейдегі AI-стартаптар құра алатын мықты командалардың қалыптасуына жағдай жасау», – деді Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаев.
Бағдарлама екі негізгі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең – Founder Lab, ол төрт аптаға созылады. Бұл уақытта қатысушылар кәсіпкерлік дағдыларын дамытып, түрлі челлендждер мен хакатондарға қатысады, тәжірибелі фаундерлермен кездеседі және болашақ жобаларға арналған командалар құрады. Одан кейін командалар Core Accelerator атты он апталық негізгі бағдарламаға өтеді. Бұл кезеңде қатысушылар гипотезаларды тексеріп, MVP әзірлейді және алғашқы клиенттермен жұмыс істей бастайды. Бағдарламаның қорытынды кезеңі – Demo Day, онда командалар өз жобаларын инвесторлар мен корпоративтік серіктестер алдында таныстырады.
AI’preneurs бағдарламасы аясында қатысушылар Astana Hub инфрақұрылымына және AlemPlus технологиялық платформасына қол жеткізеді. Сонымен қатар менторлық қолдау, воркшоптар, стартаптарды дамытуға арналған трекинг бағдарламалары ұсынылады. Бағдарлама алғашқы инвестиция тартуға және Astana Hub-тың жаһандық желісі арқылы халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама туралы толық ақпарат алу және қатысуға өтінім беру үшін келесі сілтеме арқылы өтуге болады.