Қарағанды облысында цифрлық сервистер мен жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселелері талқыланды

Қарағанды облысында цифрлық сервистер мен жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселелері талқыланды

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Сапар бағдарламасына «Terricon Valley» өңірлік IT-хабына бару, «Стартапшылар аллеясындағы» жобалардың таныстырылымы, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдау шаралары енді.

Кездесу барысында электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту нәтижелері ұсынылды. Бүгінде барлық мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн қолжетімді, ал смартфондар арқылы алынатын қызметтердің үлесі 95,9%-ға жетті. 2025 жылы 54 млн мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 60%-ы проактивті форматта - өтініш берусіз және ХҚКО-ға барусыз жүзеге асырылды. Мемлекеттік сервистер 56 сыртқы платформаға біріктірілген.

Ростислав Коняшкин атап өткендей, цифрландыру - бұл тек технологияларды енгізу емес, сонымен қатар мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимыл сапасын арттыру.

«Біздің міндетіміз - мемлекеттік қызметтерді барынша қарапайым, түсінікті және қолжетімді ету. Біз процестерді жай ғана онлайнға көшірмей, сервистердің адамның өмірлік жағдайларын ескере отырып, алдын ала жұмыс істейтін проактивті модельге көшіп жатырмыз», - деді ол.

Сонымен қатар, ең көп сұранысқа ие цифрлық құралдар таныстырылды: бір жыл ішінде QR-қолтаңба 29 млн рет, биометриялық сәйкестендіру 9,9 млн рет, цифрлық құжаттар сервисі 37 млн рет пайдаланылған.

Әлеуметтік қолдау саласында eGov Mobile құрамындағы «Әлеуметтік әмиян» дамып келеді. Тегін және жеңілдікпен тамақтандыру бағыты бойынша барлық жалпы білім беретін мектептер аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталып, 1,5 млн-нан астам ваучер жасалды және 89 млн-нан астам ыстық тамақ берілді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлігінде жүйеге 708 мемлекеттік дәріхана қосылып, 14,4 млн рецепт бойынша дәрі-дәрмек беру қамтамасыз етілді.

eGov Mobile қосымшасы цифрлық көмекші ретінде дамуда: өткен жылы пайдаланушыларға 50 млн хабарлама жіберілді. Сұранысқа ие сервистер қатарында - «Ұлттық қор - балаларға», «Стоп-кредит (Банктік қарыздарды, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту)» және «Құмар ойындарға қатысудан ерікті түрде бас тарту» бар. Жүргізуші куәлігін ауыстыру енді қосымшада жылдам  жүзеге асырылады - бұл қызметті 25 мыңнан астам адам пайдаланды.

Ақпараттық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінуде. eGov порталы арқылы дербес деректерге қол жеткізуге келісімдерді мониторингілеудің мемлекеттік сервисі іске қосылды, ал «Кредиттен бас тарту» функциясын 5,4 млн-нан астам азамат пайдаланды.

Инфрақұрылымдық күн тәртібі аясында өңірдегі байланысты дамыту мәселесі қаралды. Қарағанды облысында 2023-2025 жылдары 96 базалық станция орнатылды. Сигналы тұрақсыз 80 локация анықталып, оның 28-інде байланысты жақсарту жұмыстары аяқталды, қалған 52-сі бойынша жұмыстар жалғасуда.

Кездесудің жеке бағыты жасанды интеллект экожүйесін дамыту болды. Tomorrow School-да 300-ден астам тыңдаушы білім алуда, AI Sana бағдарламасы бойынша 650 мыңнан астам студент, AI Qyzmet бағдарламасы бойынша 54 мыңнан астам мемлекеттік қызметші дайындықтан өтті. 4 500-ден астам қызметкер Ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеуге үйретілді. Сондай-ақ 2025 жылғы 17 қарашада «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданғаны атап өтілді.

ЖИ шешімдерін іс жүзінде енгізу бөлігінде Alem.GPT платформасы таныстырылды: 2025 жылы оның негізінде 20-дан астам мемлекеттік қызмет іске қосылды, 2026 жылы орталық және жергілікті атқарушы органдардың ең көп сұранысқа ие 50 қызметіне дейін кеңейту, сондай-ақ бизнес пен екінші деңгейдегі банктер үшін ЖИ-агенттерді іске қосу жоспарлануда.

Smart City бағыты бойынша Қарағанды 2025 жылы рейтингте 80,78 балл жинады (2024 жылы - 80,06). Қалада 15 491 бейнебақылау камерасы және бейнеаналитика функциясы бар 473 жол қауіпсіздігі камерасы орнатылған. 109 Біріңғай байланыс орталығы арқылы бір жылда тұрғындардың 110 165 өтініші қаралды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, азаматтарды жеке қабылдаумен аяқталды. Көтерілген мәселелердің ішінде Қарағанды қаласында жаңа автодромды іске қосу және оны «Азаматтарға арналған үкімет» филиалына беру, сондай-ақ мобильді байланыс пен интернеттің сапасы болды. Операторлар жабдықтарды жаңарту жоспарларын 2026 жылдың тамыз айының соңына дейінгі мерзімде белгіледі.

Жұмыс сапары цифрлық дамудың стратегиялық бағыттарын да, өңір тұрғындарын толғандыратын нақты мәселелерді де талқылауға мүмкіндік берді.