Қазақстандық жасанды интеллектінің нәзік келбеті

Қазақстандық жасанды интеллектінің нәзік келбеті

Көптеген цифрлық ассистенттердің дауысы неге әйел адамның дауысы екені жайлы ойланып көрдіңіз бе? Алиса, Siri, Alexa - біз олардың сабырлы да жағымды дауыстарына үйреніп қалғанбыз. Сарапшылардың айтуынша, мұндай дауыс технологияны адамдарға түсініктірек әрі жақынырақ етеді екен. Бірақ «интерфейстің» ар жағына үңілетін болсақ, тек алгоритмдерді ғана емес, оларды жасап жатқан адамдарды да көруге болады. Бүгінде осы болашақ архитектурасында әйел - инженерлердің, зерттеушілер мен кәсіпкерлердің дауысы барған сайын анық естілуде.

Қазақстан үшін жасанды интеллектті дамыту мемлекеттік күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан әртүрлі салалардағы серпінді шешімдердің бастауында бүгін әйелдердің де тұрғаны символдық мәнге ие. Бұл даму ең құнды нәрседен - адам денсаулығынан басталады. Мәселен, Асылзат Исатаеваның жетекшілігімен дамып жатқан AIDENTIS стартапында ЖИ стоматологтарға адамның көзі байқай алмайтын нәрселерді, яғни рентген-суреттерді талдап, диагностика дәлдігін барынша арттыратынын көруге болады.

Превентивті медицина тақырыбын Алуа Мұсралина да жалғастырып келеді. Оның инженерлік жолы ерекше: Германияда Audi және Mercedes-Benz компанияларының ұшқышсыз көліктерінің қауіпсіздігі бойынша жұмыс істеуден бастап, күрделі машиналық оқыту шешімдерін әзірлеуге дейін жетті. Оның Umaia жобасы (Hemo.Labs аналитикалық платформасының негізінде құрылған) жай ғана бағдарламалық өнім емес, нағыз жеке цифрлық кеңесші. Платформа зертханалық көрсеткіштер мен өмір салтын талдап, оларды қарапайым күнделікті әрекеттер мен геймификацияланған тапсырмаларға айналдырады. Осылайша адамдар ауруды кеш кезеңде емдеудің орнына, оның алдын алуға мүмкіндік алады.

Бұл технологияларда көрініс тапқан адам қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қорғау қағидаттары медицинадан әлдеқайда кең салаларда да қолданылып келеді. Бүгінде қазақстандық таланттар әлемдік нарықта, соның ішінде АҚШ-та да жаңа трендтер қалыптастыруда. Соның айқын мысалы ретінде Tenvos AI компаниясын атай аламыз. Оның тең құрылтайшысы Рима Сеилова-Олсон. Ол кезінде Kaspi компаниясының алғашқы он инженерінің қатарында жұмыс істеп, кейін депрессияны диагностикалауға арналған ЖИ құралдарын жасаған (Kintsugi Health жобасы, Forbes нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 50 компанияның қатарында). Қазір Рима өндірістегі жарақаттану мәселесін шешумен айналысып жатыр. Оның жаңа технологиясы небәрі 6 секунд ішінде адамның сөйлеуін талдау арқылы қызметкердің шаршау немесе мас болу деңгейін анықтап, құрылыс, авиация және энергетика салаларындағы апаттардың алдын алуға көмектеседі.

Алайда ЖИ тек адам өмірін сақтаумен шектелмейді - ол бизнестегі жоғары дәлдікті де қамтамасыз етеді. Aldente AI компаниясының тең құрылтайшысы Лаура Таганова мейрамхана саласындағы ең қиын процестердің бірі - жеткізу сервистерінде туындайтын мәселелерді автоматтандырды. 500 Global қоры қолдаған оның жүйесі тапсырыстарды жинау процесінің бейнесін талдап, коммуникацияны адам қатысуынсыз жүргізеді. Бүгінде бұл шешім мыңдаған нүктесі бар америкалық Panda Express сияқты ірі желілерде пайдалануда.

Осы оқиғаларға қарап, Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуына әйелдердің қосқан үлесі жай ғана статистика емес екенін түсінесің. Бұл - елдің тұрақтылығы мен технологиялық бәсекеге қабілеттілігіне қосылған нақты үлес. Көктемнің жаңаруымен астасқан осы күндері біз тағы бір маңызды шындықты мойындаймыз: әрбір табысты кодтың, әрбір ақылды сервистің артында еліміздің цифрлық болашағын қалыптастырып жатқан әйелдердің кәсібилігі мен көшбасшылығы тұр.