AI Governance Cup: Мемлекеттік органдардың үздік жасанды интеллект жобаларына арналған алғашқы ұлттық сыйлық

AI Governance Cup: Мемлекеттік органдардың үздік жасанды интеллект жобаларына арналған алғашқы ұлттық сыйлық

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар қызметінде жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесін дамытуға және оны жүйелі түрде енгізуге бағытталған AI Governance Cup ұлттық сыйлығының басталғанын жариялайды.

Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Жасанды интеллектіні мемлекеттік басқарудың негізгі салаларына енгізу ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Аталған сыйлық қолданбалы құндылығы мен нақты өлшенетін нәтижелерін көрсеткен жобаларды қолдау арқылы қойылған міндеттерді іске асырудың практикалық құралына айналады.

Сыйлық мемлекеттік басқаруда цифрландыру және ЖИ-шешімдерін енгізу саласындағы елеулі жетістіктері үшін конкурстық негізде табысталады. Байқау алты номинация бойынша өткізіледі:
1. «AI Азаматтарға Қызмет» – халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік сектордың ЖИ-жобалары.
2. «AI Экономика» – экономика саласындағы ЖИ-жобалар.
3. «AI Әлеуметтік Саясат» – әлеуметтік саясат саласындағы ЖИ-жобалар.
4. «AI Қауіпсіздік» – қауіпсіздік саласындағы ЖИ-жобалар.
5. «AI Өңір» – жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырған ЖИ-жобалар.
6. «AI Квазисектор» – квазимемлекеттік сектор ұйымдарының ЖИ-жобалары.

Өтінімдер 2026 жылғы 3–13 наурыз аралығында govtec.kz/ai-governance-cup сайтында қабылданады.

AI Governance Cup жасанды интеллектіні енгізудің үздік тәжірибелерін таныстыруға, мемлекеттік органдар арасында тәжірибе алмасуға және деректер мен заманауи технологияларға негізделген практикалық шешімдерді ілгерілетуге арналған алаңға айналады.