Alem.ai Цифрландыру жылында халықаралық диалог алаңына айналуда

Alem.ai Цифрландыру жылында халықаралық диалог алаңына айналуда

Халықаралық жасанды интеллект орталығы alem.ai-ге  ЭСКАТО БҰҰ делегациясы келді. Делегация құрамына Азия-Тынық мұхиты өңірінің 15 елінің өкілдері кірді, олардың қатарында Бангладеш, Грузия, Үндістан, Қытай, Мальдив аралдары, Моңғолия, Непал, Ресей, Таиланд және Түркия елдері бар.

Қонақтар орталықтың инфрақұрылымымен және Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы шешімдерімен танысты.

Сапар ЭСКАТО БҰҰ-ның Цифрлық шешімдер орталығын құру жөніндегі арнайы жұмыс тобы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама 2024 жылғы қыркүйекте өткен Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясында цифрлық инклюзия мен трансформация тақырыбында басталған талқылаулардың жалғасы болды. Сол кезде Алматы қаласында ЭСКАТО БҰҰ-ның Өңірлік цифрлық шешімдер орталығын құру ұсынылған еді.

Мұндай халықаралық бастамалар Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытпен үндес. Биыл ел үшін цифрлық даму технологиялардың жүйелі түрде енгізілуі, инфрақұрылымның дамуы, жасанды интеллекттің экономика мен мемлекеттік басқарудағы қолданылу аясының кеңеюі сияқты нақты қадамдармен жүзеге асуда.

Премьер-Министрдің орынбасары - ҚР цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев кездесу барысында Exponential Cluster тұжырымдамасын және саланы дамытуға арналған кешенді тәсілді таныстырды.

«Біз жасанды интеллектті институционалдық негізден бастап есептеу инфрақұрылымы мен кадр даярлауға дейінгі біртұтас экожүйе ретінде дамытып келеміз. Бұл тәсіл технологияларды жасап қана қоймай, оларды экономикаға, мемлекеттік басқаруға және әлеуметтік салаға енгізуге мүмкіндік береді. Негізгі міндет - AI-шешімдерді ауқымды деңгейде таратып, өңірлік деңгейде тиімді қолдану. Біз халықаралық ынтымақтастық аясында тәжірибе алмасуға және бірлескен бастамаларды дамытуға ашықпыз», - деді Жаслан Мәдиев.

Сапар барысында делегацияға alem.ai орталығының негізгі кеңістіктері таныстырылды. Жасанды интеллект тақырыбымен танысу Сингулярлық музейінен басталды. Мұнда AI эволюциясы XVII ғасырдағы философиялық идеялардан бастап заманауи нейрожелілік және генеративтік модельдерге дейін көрсетілген. Экспозиция интерактивті аймақтарды қамтиды.

Жасанды интеллекттің тәжірибеде қолданылуы Smart City аймағында ұсынылды - қалалық инфрақұрылымды басқару құралы ретінде, оның ішінде ақылды мобильдік, энергетика және қоғамдық қауіпсіздік шешімдері бар. 180° проекциясы бар иммерсивті AI Cinema кинотеатрында делегация Қазақстандағы алғашқы технологиялық юникорны Higgsfield AI платформасында жасалған контентпен танысты.

Сондай-ақ, GovTech шешімдері, ғарыш саласындағы жобалар және USTEM Foundation әзірлемелері ұсынылды. Жасанды интеллект негізіндегі гуманоид роботтар мен роботтандырылған жүйелер нақты уақыт режимінде түрлі міндеттерді орындау мүмкіндігін көрсетілді.

Халықаралық нарықтарға бағытталған Astana Hub стартаптарына ерекше назар аударылды. Таныстырылған бастамалар қатарында: Weglobal AI - мектеп психологтары мен кәсіби бағдар мамандарының жұмысын оңтайландыруға арналған платформа; NCSpeech - жасанды интеллектті оқытуға арналған сапалы деректер жиынтығын қалыптастыруға мүмкіндік беретін орталықтандырылған AI-инфрақұрылым; AMAN - балалар қауіпсіздігіне қатысты қауіптер туралы жедел хабарлау сервисі; Armeta AI - құрылыс жобаларын сараптау мен келісуді автоматтандыратын зияткерлік платформа; WONK - мектепті басқаруға арналған бірыңғай AI-платформа.

Сапар халықаралық серіктестердің Қазақстандағы цифрлық шешімдерге деген жоғары қызығушылығын және елдің жасанды интеллект саласындағы өңірлік ынтымақтастық алаңы ретіндегі әлеуетін растады.