
2026 жылғы 25 ақпанда Astana Hub-та Қазақстанның қоғамдық бұлттық қызметтер мен коммерциялық деректер орталықтары нарығына арналған IDC есебінің тұсаукесері өтті.
Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев қатысты. Сондай-ақ, талқылауға салалық министрліктердің өкілдері, бұлттық нарық пен коммерциялық деректерді өңдеу орталықтары нарығының ойыншылары, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Есеп халықаралық IDC аналитикалық компаниясымен дайындалды және қоғамдық бұлттық қызметтер нарығын талдауға, сондай-ақ коммерциялық деректер орталықтары нарығының дамуына арналған.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстандағы қоғамдық бұлттық қызметтер нарығының көлемі 2022 жылы 59,3 млрд теңгеден 2025 жылы 117,6 млрд теңгеге дейін өсті. Көрсетілген кезеңдегі орташа жылдық өсу қарқыны 26% құрады. Нарықтың ең ірі сегменті SaaS моделіндегі бұлттық қосымшалар болып табылады, сондай-ақ, қызмет ретінде инфрақұрылым мен платформалық шешімдер де үлкен үлес алады.
Болжам бойынша, 2029 жылға қарай қоғамдық бұлттық қызметтер нарығының көлемі 257,2 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Мемлекет пен бизнестен жасанды интеллект саласындағы шешімдерді енгізуге байланысты сұраныстың одан әрі өсуі күтілуде.
Коммерциялық деректер орталықтарының сыйымдылығы 2025 жылы 4 мың сөреге жетті, жүктеме коэффициенті 91% құрады. Бұл қолданыстағы инфрақұрылымды пайдаланудың жоғары деңгейін және елдегі есептеу қуаттарын одан әрі дамыту қажеттілігін растайды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі зерттеу нәтижелерін цифрлық инфрақұрылымды дамыту, деректердің егемендігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасында бұлттық және ДӨО қызметтерінің тұрақты өсуіне жағдай жасау мәселелері бойынша нарықпен одан әрі диалог үшін негіз ретінде қарастырады.
Зерттеу серіктестердің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның алтын серіктестері Yandex Cloud және VK Cloud болды. Күміс серіктестер Axellect, Dell және Lenovo болды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж.Мадиевтің айтуынша - “Цифрлық қызметтерді дамыту және жасанды интеллектті енгізу есептеу инфрақұрылымының қолжетімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан мемлекет үшін технологиялық трендтерді ғана емес, нарықтың нақты көлемін, сұраныстың динамикасын және қуаттардың өсу перспективасын түсіну маңызды.”
“Қазақстанда қоғамдық бұлттық қызметтер мен деректер орталықтары нарығының дамуы цифрлық шешімдерге сұраныстың өсуіне байланысты жеделдеп жатыр. Қоғамдық бұлттар нарығы 2025 жылы 25% өсті. Онымен қоса Қазақстанды аймақтық хаб ретінде позициялау үшін инфрақұрылымдық база қалыптастырылуда: коммерциялық ДӨО-ларды кеңейту, жасанды интеллект шешімдерін енгізу және жаңа алаңдар салу бойынша ірі жобалар елдің цифрлық қызметтер саласындағы әлеуетін күшейтеді.” - деді А.Беклемишев, ТМД аймағы бойынша IDC вице-президенті.
Есепке сілтеме: https://drive.google.com/drive/folders/1vHAV6JqjnmrDZSCXmosrDzLgWMLCDa5l?usp=drive_link