Алматы облысында цифрлық трансформация стратегиясы мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері талқыланды

Алматы облысында цифрлық трансформация стратегиясы мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері талқыланды

Қонаев қаласында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің вице-министрі Д.У. Мусалиевтің Алматы облысы тұрғындарымен кездесуі өтті.  Мемлекет басшысы жариялаған 2026 жыл - Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан цифрлық реформалар мен негізгі жобалардың барысы кездесудің негізгі тақырыбы болды.

Бүгінде цифрлық трансформация нақты нәтижесін көрсетуде. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн форматта ұсынылса, оның 95,9%-ы смартфон арқылы көрсетіледі. 2025 жылы қазақстандықтарға 54 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген, олардың басым бөлігі проактивті форматта, яғни азаматтардың тікелей өтінішінсіз ұсынылған.

Кездесу барысында eGov Mobile қосымшасының мүмкіндіктері, QR-қолтаңба, биометриялық сәйкестендіру, цифрлық құжаттар сервистері таныстырылды. Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» қызметі арқылы әлеуметтік қолдау шараларын алу тетіктері түсіндірілді. Бұл құралдар азаматтарға тиесілі төлемдер мен жеңілдіктерді жеңіл әрі жедел рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Алаяқтықтың алдын алу мақсатында енгізілген «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» функциясын бүгінге дейін 5,4 млн-нан астам азамат пайдаланған.

Өңірде интернет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында елді мекендер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, 4G және 5G желілері кеңейтілуде. Бұл бастамалар өңірдің цифрлық дамуына берік негіз қалыптастырады.

Кездесуде жасанды интеллект экожүйесін дамытуға бағытталған Tomorrow School, AI Sana және AI Qyzmet бағдарламалары таныстырылды. Сондай-ақ, 2025 жылы қабылданған «Жасанды интеллект туралы» Заңның технологияларды қауіпсіз әрі жауапты дамытуға құқықтық негіз қалыптастырғаны атап өтілді.

Жиын соңында Smart City, қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық медицина және өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалар ұсынылды. Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар өз сұрақтарын қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды.