Қазақстандағы ең ірі IT-хакатон 27 наурызда басталады

Қазақстандағы ең ірі IT-хакатон 27 наурызда басталады

Astana Hub пен Blockchain & AI Technology Center (BAITC) бірлесіп, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен елдегі ең ірі мультилокациялық хакатон Decentrathon 5.0 өткізеді. Іс-шара бір мезгілде 2026 жылғы 27 наурыз және 5 сәуір аралығында Қазақстанның 20 қаласында өтеді және барлық өңірден технологиялық қоғамдастықты біріктіреді.
Хакатон 2026 жылғы 27 наурызда Шымкентте өтетін Digital Qazaqstan бірінші ұлттық технологиялық форумы шеңберінде ұйымдастырылған және сол жерде Decentrathon жобасының ашылуы өтеді.

Осы маусымда Decentrathon 5.0 Шымкент, Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Өскемен, Қонаев, Талдықорған, Тараз, Түркістан және Орал қалаларын қамтиды. 3000-нан астам әзірлеуші мен 1500 команда қатысады деп күтіліп отыр, олар AI және Blockchain сынды екі негізгі бағытта шешімдер әзірлейді.

«Decentrathon — еліміздегі ең ауқымды IT-алаңдардың бірі. Бірнеше жыл бойы ол Қазақстанның барлық өңірінен әзірлеушілерді біріктіріп, технологиялық қауымдастықты қалыптастырып келеді. Мұндай формат адами капиталды шоғырландырып, жасанды интеллект саласындағы сараптаманы күшейтуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында белгілеген басымдықтарға сәйкес, отандық цифрлық шешімдерді дамыту мен насихаттауға кәсіби қоғамдастықты тартудың маңызы зор. Әлемде краудсорсинг тәсілдеріне деген тренд күшейіп келеді, сондықтан бұл үрдістің ұлттық тәжірибемізге енгені маңызды. Бұл технологиялық өнімдердің сапасы мен сұранысына қосымша серпін береді», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Хакатон жаңа форматта өтеді. Атап айтқанда, 27 наурызда Шымкентте салтанатты ашылу рәсімі басталады, онда қатысушыларға мерекелік бағдарлама, пицца және шектеулі көлемде мерчтер ұсынылады. Бұдан әрі командалар онлайн-форматта жұмысын жалғастырады, яғни келесі тоғыз күннің ішінде қатысушылар жобаларды әзірлейді, қолдау алады және шешімдерді соңғы презентацияға дейін жеткізеді.

Аталған іс-шара Қазақстандағы Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында өткізіледі әрі отандық сандық технологияларды дамытуға және жаңа буын IT-мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Толық ақпарат және тіркеу сілтеме бойынша қолжетімді.