
Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында Қазақстанда 52 үздік командадан тұратын ұлттық технологиялық құрама жасақталды. Аталған командалар ел абыройын Солтүстік Америка, Еуропа және Азия елдерінде өтетін FIRST халықаралық чемпионаттарында қорғайтын болады.
Ұлттық кезеңнің қорытындылары еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушыларды біріктірген ауқымды Alem Tech Fest 2026 технологиялық фестивалі аясында шығарылды. Қазақстанды әлемдік аренада Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарынан келген мектеп оқушылары мен студенттер таныстырады.
Фестиваль қатысушылары географиясының ауқымдылығы IT-құзыреттер мен инженерлік бағыттарды дамыту жалпыұлттық басымдыққа айналғанын дәлелдейді.
Биыл отандық командалар бірнеше құрлықта өнер көрсетеді. 16 команда 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін және әлемнің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам қатысушыны біріктіретін FIRST Championship әлемдік финалына жолдама алды. Тағы 36 команда Канадa, Мексика, Грекия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай және Болгарияда өтетін FIRST халықаралық кезеңдерінде ел намысын қорғайтын болады.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, USTEM Foundation қоғамдық қоры, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі («Дарын» РҒПО), Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі (Smart Sarbaz) ұйымдастырды.
Чемпионат жастардың инженерлік даярлық деңгейін және заманауи технологиялық шешімдермен жұмыс істеу қабілетін көрсетеді. Қатысушылар идеядан бастап жұмыс істейтін прототипке дейінгі жолдан өтіп, бағдарламалау, автоматтандыру және күрделі жүйелерді жобалау дағдыларын меңгереді. Бұл бүгінгі таңда технологиялық индустрияның дамуын айқындайтын негізгі құзыреттер.
«Жастардың инженерлік және цифрлық құзыреттерін дамыту - елдің технологиялық болашағының негізгі факторы. Бүгінде STEM, жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы дағдылар жаңа экономиканы қалыптастыруда. Қазақстанда талантты әрі өршіл жастар көп. Біздің міндетіміз - олардың өсуіне жағдай жасау, халықаралық жарыстарға қатысуын қолдап, әлеуетін ашуға көмектесу. Біз жастарға заманауи технологиялар мен жаһандық алаңдарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін экожүйе қалыптастырып жатырмыз», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Жас қатысушылар үшін әлемдік деңгейге шығу - кәсіби армандарына жасалған маңызды қадам. Өз әсерімен Nomadic Dragons командасының қатысушысы Әмір Семетай бөлісті.
«Мен робототехникамен айналысқанды жақсы көремін. Әр жолы роботым алғашқы қадамын жасап немесе қозғала бастағанда, өзімді нағыз өнертапқыш сезінемін. Болашақта MIT-ке оқуға түсуді армандаймын, сондықтан көп жаттығамын. Alem Tech Fest фестивалінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен және басқа елдерден келген балалармен таныстық. Біздің Nomadic Dragons командасы чемпионатта екінші орын алды. Енді бізді Массачусетс штатында өтетін WPI Open 2026 жарысы күтіп тұр. Еліміздің намысын қорғайтыныма өте қуаныштымын».
Central Asia FIRST Championship елімізде технологияға, робототехника мен бағдарламалауға қызығушылықтың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Қазақстандықтардың ауқымды жетістіктері - жаһандық технологиялық аренаға сенімді қадам басып келе жатқан жаңа буын инженерлер мен әзірлеушілерді қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Анықтама үшін:
FIRST Championship - жыл сайын өтетін, әлемнің түкпір-түкпірінен келген командалар үшін маусымның финалдық кезеңі саналатын ең ірі халықаралық робототехника фестивалі. Оны FIRST (For Inspiration and Recognition of Science and Technology) коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырады. Чемпионат 4 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған бірнеше санаттағы (FLL, FTC, FRC) жарыстарды қамтиды. Қатысушылар бірегей тапсырмаларды орындау үшін роботтарды жобалап, құрастырып және бағдарламалап, инженерлік жобалау, командалық жұмыс және көшбасшылық дағдыларын дамытады.