
Астанада Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне арналған AI Connectivity Conference конференциясы өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы — жасанды интеллектті нақты уақыт режимінде тұрақты байланыс, деректер және есептеу ресурстарымен қамтамасыз ету.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға министрлік, байланыс операторлары және өңірлік цифрландыру басқармаларының өкілдері қатысты.
Жасанды интеллектті заманауи телеком-инфрақұрылымсыз дамыту мүмкін емес. Оны толыққанды енгізу үшін сенімді байланыс желілері, ең төмен кідіріс, деректерге қолжетімділік және үлестірілген есептеу қуаттары қажет. Дәл осы аумақтардың байланыстылығы мен инфрақұрылым сапасы мемлекеттегі, бизнестегі және әлеуметтік саладағы ЖИ-сервистерін дамытудың іргетасына айналмақ.
«Бүгінгі таңда ЖИ шешімдерін тек дамыту ғана емес, олардың барлық азаматтар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету - басты міндет. Тіпті ең шалғайдағы ауыл тұрғындары да бұл технологиялардың игілігін көруі тиіс. Біз қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз», деді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.
Конференция барысында телекоммуникация желілерін ЖИ-шешімдері мен цифрлық мемлекеттік қызметтердің базалық инфрақұрылымы ретінде дамыту мәселелері қаралды. Сапалы әрі қолжетімді байланыс өңірлерде онлайн мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, азаматтардың цифрлық сервистерге қолжетімділігін кеңейтетіні және мемлекеттік басқару, экономика мен әлеуметтік салада жасанды интеллект технологияларын енгізуге негіз болатыны атап өтілді.
Пікірталастардың жеке блогы ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу, автожолдар бойындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту, «соңғы миляны» субсидиялау және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне арналды.
Конференция мемлекет пен саланың өкілдерін жасанды интеллектті кеңінен енгізуге қажетті инфрақұрылымдық негіз қалыптастыру міндеті төңірегінде біріктірді. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар байланыс пен ІІ саласындағы негізгі жобалар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.