Astana Hub алаңында әлемдегі ең ірі ойын әзірлеу хакатоны – Global Game Jam Kazakhstan 2026 гранд-финалы мен жабылу рәсімі өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар 5 күннің ішінде әрі қарай дамытуға және акселерациядан өтуге дайын, MVP деңгейіндегі толыққанды 34 өнімді ұсынды.
Қазақстан 2026 жылы Global Game Jam қозғалысына ресми түрде қосылды. Әлем бойынша қатысушылар ортақ «Маска» тақырыбында жұмыс істесе, елімізде қосымша «Ережені өзгерту» тақырыбы енгізілді. Жеңімпаздарды анықтау барысында осы бағыттағы нәтижелер де ескерілді. Марафон гибрид форматта ұйымдастырылды: негізгі алаң Astana Hub болса, өңірлік командалар тікелей эфир және жергілікті IT-хабтар арқылы қосылды.
“Global Game Jam – жай ғана жарыс емес, кәсіби қауымдастық қалыптастыратын маңызды алаң. Creative Industries Alliance of Qazaqstan (CIAQ) альянсы және GCA қауымдастығымен бірлесе отырып, ойын индустриясының тұтас экожүйесі құрылып жатыр. Бас демеуші – Ogames студиясының қолдауы бұл мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашып отыр. Кез келген өңірдегі дарынды әзірлеуші өзін танытып, команда құрып, халықаралық нарыққа бағытталған өнім жасауға қадам баса алады”, – деді GameDev Center Astana Hub жетекшісі Элина Ким.
Марафонға 214 адам қатысып, 99 команда жасақталды. Соның ішінде 34 команда финалға шығып, аяқталған жобаларын таныстырды. Жоба Қазақстанның 14 қаласын және шетелдегі 5 елді қамтыды: Ресей, Аргентина, Филиппин, Польша және Қырғызстаннан командалар қосылды. Қатысушылардың жасы 12 мен 51 жас аралығында болды.
“Бұл бастама Қазақстандағы креативті технологиялардың жаңа кезеңіне серпін береді. Бес күннің ішінде қатысушылар тек прототип жасап қана қоймай, өзара серіктес тауып, идеяларын сынап, кәсіби бағыттарын айқындайды. Көзделген мақсат – Алматы, Ақтау немесе Павлодардағы таланттың да елордадағыдай мүмкіндікке ие болуы. Global Game Jam 2026 – Қазақстанды креативті өндіріс орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі”, – деді GCA жетекшісі Малика Игибаева.
Қазылар алқасының шешімімен Global Game Jam Kazakhstan 2026 жеңімпазы атанған – Астананың Square Team командасы. Олардың Bascule жобасы бас жүлде – 300 000 теңгені иеленді. Екінші орынды Majestic Amadei командасы (Mask Huntress, 180 000 теңге), үшінші орынды «Шелли Фа» командасы (The Soul of the Mask, 120 000 теңге) алды.
Ашық дауыс беру нәтижесінде People’s Choice Award («Астана көрермен көзайымы») жүлдесі SuperCats Studio командасының Behind the Mask жобасына бұйырды.
TRUE INDIE STORY аталымында джемге қатысу барысын үздік бейнеролик арқылы көрсеткен «Брошенные котята» командасы (Echoes of the Forest) жеңіске жетті.
OUT OF BOX жүлдесі ең креативті әрі жаңашыл жоба ретінде Fourth Games командасының Mask and Mind ойынына табысталды.
MYTONA баспасының арнайы Publisher’s Choice марапаты даму әлеуеті мен коммерциялық мүмкіндігі жоғары деп танылған Prism командасының Criminally Delicious жобасына берілді.
Іс-шараны ұйымдастырған – Creative Industries Alliance of Qazaqstan (CIAQ), GameDev Center және GCA қауымдастығы. Бас демеуші – Астанадағы мобильді ойын әзірлеуші Ogames студиясы, Car Parking Simulator ойынының авторлары. Жүлде қорының серіктестері – MYTONA, CREATA Ventures, сондай-ақ GCA мен GameDev Center. Жалпы жүлде қоры 900 000 теңгені құрап, жеке бизнес есебінен қалыптастырылды.
Global Game Jam Kazakhstan 2026 өткізілуі елдің цифрлық технологиялар мен креативті индустрияны дамыту бағытына сай келеді. Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мұндай бастамалар жаңа буын әзірлеушілерін қалыптастырып, елдің жаһандық технологиялық нарықтағы орнын нығайтуға ықпал етеді.
Анықтама
GameDev Center – Astana Hub базасында жұмыс істейтін, Қазақстандағы ойын әзірлеушілерді оқытуға, дамытуға және қолдауға бағытталған құзырет орталығы.
Creative Industries Alliance of Qazaqstan (CIAQ) – елдегі креативті экономика көшбасшыларын біріктіріп, инфрақұрылымды дамытуға және шығармашылық өнім экспортын ілгерілетуге бағытталған альянс.
GCA қауымдастығы ойын индустриясы, киберспорт және цифрлық өнер бағыттарының дамуына серпін береді.
БАҚ өкілдері үшін байланыс деректері:
+7 776 532 99 77
david@creata.team