
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен цифрлық технологиялар мен инновацияларды дамыту бойынша өзара әрекеттестік туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасының Ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар министрлігі арасында цифрлық технологиялар саласындағы екіжақты әрекеттестікті тереңдетуге бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат ұзақ мерзімді серіктестіктің негізін қалайды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, электрондық үкіметті жетілдіру, тиімді АКТ-саясатын қалыптастыру, сондай-ақ озық тәжірибе алмасу және кадрлық әлеуетті нығайту салаларындағы ынтымақтастықты қамтиды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Пәкістанның Виртуалды активтерді реттеу органы (PVARA) арасында да өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум цифрлық активтердің экожүйесін қалыптастыру, лицензиялау және реттеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуды, сонымен қатар цифрлық трансформация мен жаңа технологияларды енгізу саласында тәжірибе алмасуды көздейді.
Өзара әрекетесудің негізгі бағыттарына нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, лицензиялау тетіктерін енгізу, инвесторларды қорғау, сараптамалық тәжірибе алмасу, бірлескен іс-шаралар өткізу, сондай-ақ бірлескен реттеушілік және зерттеу бастамаларын дамыту кіреді.