
Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің басшылығымен қазақстандық делегация World Government Summit 2026 саммитіне қатысты.
Саммитке қатысу Қазақстанда есептеу және деректерді өңдеу бойынша жаһандық хаб құру жөніндегі ұзақмерзімді стратегиялық міндетті іске асыруға бағытталды.
Саммит аясында делегация Қазақстанды елдің энергетикалық әлеуеті тікелей есептеу қуатына айналатын алаң ретінде таныстырды. ЖИ-экожүйесін қалыптастырудың барлық кезеңдерін қамтыған бірқатар келіссөздер жүргізілді.
Кездесулердің негізгі бағыты жоғары өнімді деректерді өңдеу орталықтарын және «AI-фабрикаларды» құру мәселелеріне арналды. G42 холдингінің басшысы шейх Тахнун бин Заед Әл Нахайянмен өткен кездесу деректерді сақтау мен өңдеу инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік берді.
Айта кетер болсақ, шейх Тахнун бин Заед Әл Нахайян - жаһандық ЖИ күн тәртібіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі. Ол G42 технологиялық конгломератын басқарып, сондай-ақ, БАӘ-нің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі ретінде ауқымды дата-орталықтардан бастап Microsoft және Cerebras сынды әлемдік БАӘ, АҚШ және Қытай сияқты технологиялық көшбасшылармен стратегиялық әріптестікке дейінгі ЖИ-инфрақұрылымды дамытуға миллиардтаған қаражат инвестициялап келеді .
Сонымен қатар, БАӘ-нің негізгі мемлекеттік қайраткерлерінің бірі - энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль Мохамед Әл-Мазруимен кездесу өтті. Кездесуде төмен көміртекті энергия үнемдейтін дата-орталықтарды құру мәселелері талқыланды.
Естеріңізде болса Әл-Мазруи ЖИ-ді алғашқылардың бірі болып мұнаймен салыстырған. Ол БАӘ тек энергияны ғана емес, таза энергияға негізделген дайын «есептеу қуатын» сататын модельді ілгерілетіп келеді.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі мемлекетаралық әріптестіктің нығаюы болды. БАӘ Министрлер Кабинетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюмен қатар, цифрлық күн тәртіптерін үйлестіру мақсатында БАӘ-нің ЖИ істері жөніндегі министрі Омар Сұлтан Әл Оламамен және сыртқы сауда министрі Тани бин Ахмед Әл-Зеюдимен кездесулер өтті. Сондай-ақ, саммит аясында Эстония Президенті Алар Кариспен және Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Сардор Умурзаковпен де кездесулер ұйымдастырылды.
Бизнес-компаниялармен және халықаралық ұйымдармен кездесулер
«ЖИ-хабы» стратегиясын іске асыру аясында технологиялық және инвестициялық сектор көшбасшыларымен бірқатар келіссөздер жүргізілді. NVIDIA компаниясымен күрделі нейрожелілерді оқытуға арналған архитектуралық шешімдер талқыланды. Aleria және Phoenix Group компанияларымен ынтымақтастық Қазақстанға «ДӨО алқабын» ауқымдауға мүмкіндік береді. Masdar компаниясымен және Gulf Data Hub операторымен бірлесіп энергия үнемдейтін дата-орталықтарды құру тәсілдері пысықталуда.
ЖИ енгізудің практикалық аспектілері Yandex (Даниил Шулейко), VisionLabs (Александр Ханин) компанияларымен және Botim платформасымен талқыланды. Oracle компаниясымен гибридті бұлтты шешімдерді пайдалану мәселелері қарастырылды, сондай-ақ Mastercard өкілдерімен ЖИ енгізу тақырыбында кездесулер өтті.
Капитал тарту мәселелері әлемдегі ірі ойыншы BlackRock және мамандандырылған MGX қорымен талқыланды. Венчурлық экожүйені нығайту DIFC (Ариф Амири), Dubai Future District Fund (Надер Әл-Бастаки) және Sirius холдингі (ADI Foundation) басшылығымен өткен кездесулердің негізгі тақырыбына айналды.
RTA басшылығымен және Мұхаммед бин Рашид атындағы ғарыш орталығымен (Салем Әл-Марри) өткен келіссөздер ерекше қызығушылық тудырды. Бұл кездесулер «төмен биіктіктегі экономика» мен ұшқышсыз логистиканы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жалпы алғанда, World Government Summit 2026 жаһандық алаңы болашақтың келбетін айқындайтын рекордтық деңгейдегі ықпалды тұлғаларды біріктірді. Кулуараларда және ресми қабылдауларда, оның ішінде VEON Group ұйымдастырған Майкл Помпеоның қатысуымен өткен іс-шарада және аңызға айналған инвестор Рэй Далиомен болған пікірталастарда мазмұнды диалогтар өтті.
Қазақстан үшін мұндай деңгейдегі диалогқа қатысу елдің жаңа технологиялық әлем картасындағы өршіл әрі болашағы зор ойыншы ретіндегі мәртебесін растады.