WEF 2026: Қазақстан ЖИ, GovTech және цифрлық инфрақұрылым бойынша халықаралық серіктестік аясын кеңейтуде

WEF 2026: Қазақстан ЖИ, GovTech және цифрлық инфрақұрылым бойынша халықаралық серіктестік аясын кеңейтуде

Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум (WEF)–2026 аясында қазақстандық делегация технологиялық компаниялар, халықаралық ұйымдар, қаржы институттарымен және мемлекеттік серіктестермен мазмұнды әрі нәтижелі кездесулер сериясын өткізді. Күн тәртібі цифрлық трансформацияның  жасанды интеллект пен GovTech, егеменді есептеу инфрақұрылымы мен деректер орталықтары, телекоммуникация және спутниктік байланыс, финтех, киберқауіпсіздік, ЖИ-білім беру сияқты практикалық бағыттарын қамтып,  экономиканың нақты секторларына, оның ішінде денсаулық сақтау мен өнеркәсіпке технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Форумда Қазақстан атынан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Асель Жанасова қатысты. Форум аясында олар цифрлық мемлекеттік басқару, жасанды интеллектті дамыту, инфрақұрылым және деректерді қорғау тақырыптарындағы салалық пікірталастарға да қатысты.

«Frontiers of Digital Governance: From DPI to Next-Gen GovTech» атты сессия барысында, бірқатар елдердің цифрландыру министрлерінің қатысуымен өткен талқылауда Жаслан Мәдиев Қазақстанның батыраңқы цифрлық сервистерден деректерді, тұрақты процестерді және азаматтардың сенімін біріктіретін жүйелі цифрлық мемлекет моделіне көшу тәсілін таныстырды. Бұл модельде DPI деректерді интеграциялаудың базалық қабаты ретінде қарастырылады.
ЖИ-ді ел көлемінде жүйелі түрде енгізу және әріптестік перспективалары Google Roundtable on AI and Development атты дөңгелек үстелде де талқыланды. Қазақстан бірыңғай цифрлық стекке, Smart Data Ukimet арқылы деректерді интеграциялауға, азаматтар мен бизнес үшін «бір рет» қағидатына және қорғалған ортада қайта пайдаланылатын AI-агенттерді қолдануға негізделген тәсілді ұсынды. Сонымен қатар ұлттық суперкомпьютер Alem.Cloud-ты қоса алғанда, егеменді есептеу базасын дамыту ЖИ-ді мемлекеттік басқару, ғылым және бизнесте ауқымды түрде енгізудің негізі екені атап өтілді.

Форум бағдарламасының негізгі бағыты жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналды. Кездесулердің басты фокусы ЖИ экожүйесінің негізгі элементтеріне — есептеу және бұлтты инфрақұрылымға, AI-модельдерді дамытуға, шешімдерді қолданбалы деңгейде енгізуге және ЖИ саласындағы адами капиталды қалыптастыруға бағытталды.

OpenAI компаниясының жаһандық саясат жөніндегі бас директоры Крис Лихейнмен өткен кездесуде қазақстандық тарап елдегі ЖИ мен цифрлық технологияларды дамытудағы ағымдағы прогресті таныстырды. Қазақстан OpenAI-дың ұлттық білім беру жүйелеріне ЖИ интеграциялауға бағытталған OpenAI Education for Countries бағдарламасына алғаш қосылған елдердің бірі екені атап өтті. «OpenAI – AI Benefits at Scale» сессиясы аясында ЖИ технологияларын елдік деңгейде енгізу стратегиялары талқыланды. Тараптар білім беру және есептеу инфрақұрылымы мен деректер орталықтары саласындағы бастамаларды қоса алғанда, Қазақстанда Data Centers Valley үлгісіндегі жобаларды дамыту бойынша практикалық ынтымақтастыққа көшуге келісті.

NVIDIA компаниясының президенті және бас директоры Дженсен Хуангпен кездесуде Ж.Мәдиев компаниямен әріптестіктің табысты дамып келе жатқанын және оның Қазақстан аумағында Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерді іске қосуға қосқан үлесін атап өтті. Өз кезегінде Дженсен Хуанг Қазақстандағы ЖИ даму қарқынын жоғары бағалап, ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

G42 International төрағасы Мансур Аль Мансури және Presight компаниясының бас директоры Томас Прамотедаммен өткен кездесуде ақылды қалалар, деректер орталықтары және инфрақұрылымдық жобалар саласындағы ынтымақтастықтың болашақ бағыттары айқындалды. Қазақстанда AI-хаб құру басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Қазақстандық тарап елдің ЖИ бастамаларын іске асыру және деректерді өңдеу орталықтарының қуаттарын орналастырудың жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті, оның ішінде арнайы (еркін) экономикалық аймақ аясында инвесторларға қолайлы жағдайлар ұсыну мүмкіндігі және Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің салынуын ескере отырып, деректерді беру кідірісін шамамен 85 мс-қа дейін төмендету артықшылықтары көрсетілді.

DeepLearning.AI ұйымының негізін қалаушылардың бірі, Стэнфорд университетінің профессоры Эндрю Ын және AI Aspire компаниясының тең басқарушы серіктесі Кирсти Тан қатысқан кездесуде AI Nation тұжырымдамасын дамыту және ЖИ-білім беруді ауқымдау мәселелері талқыланды. Coursera платформасы негізінде Қазақстанда жаппай онлайн оқытудың табысты тәжірибесі атап өтілді. Кездесу қорытындысы бойынша екі тәжірибелік бағыт, яғни ұлттық ЖИ оқыту бағдарламасын әзірлеу және AI University жобасын дамыту бағыттары айқындалды

Scale AI басшылығымен өткен «The Future of Generative AI» сессиясында ұлттық ЖИ модельдері үшін деректер инфрақұрылымын қалыптастыру және Қазақстан экономикасының қажеттіліктеріне бейімдеу үшін RLHF әдістерін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Экономиканың салалық бағыттарында ЖИ енгізу мәселелері де жеке талқыланды. Royal Philips компаниясының өкілдерімен, оның ішінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президент Ян-Виллем Шейгрондтың қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы AI-шешімдер, диагностика, емдеу және науқастық маршруттарды басқару бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды.

Apolitical платформасының тең негізін қалаушы және бас директоры Робин Скоттпен өткен кездесуде AI governance саласындағы басқарушылық және сараптамалық құзыреттерді дамыту перспективалары талқыланды. Тараптар ЖИ басқару тәжірибелерін дамытуға бағытталған бірлескен бағдарламаларды іске қосуға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар, Ж. Мәдиевтің Apolitical платформасы жариялаған Government AI 100 тізіміне енгені атап өтілді.

Форум аясында телекоммуникация, цифрлық активтерді реттеу, киберқауіпсіздік, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағыттарында да бірқатар маңызды кездесулер өтті.

Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум–2026 қорытындысы бойынша Қазақстан делегациясы жасанды интеллект, цифрлық трансформация, GovTech, инфрақұрылым және киберқауіпсіздік салаларындағы халықаралық ынтымақтастықтың белсенді дамуын көрсетті. Қазақстан жетекші технологиялық компаниялармен, халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен өзара іс-қимылды нығайтып, AI-экожүйе мен цифрлық мемлекетті дамытуға арналған ұлттық тәсілдерін таныстырды, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және сыни инфрақұрылым салаларында инновациялық шешімдерді енгізуге және жобаларды ауқымдауға дайын екенін растады.