
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляеваның қатысуымен баспасөз конференция өтті. Іс-шара барысында қатысушылар елдегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытудың цифрлық негізі болып саналатын Цифрлық кодекстің негізгі ережелерін түсіндірді.
Қазақстан мұндай құжатты қабылдаған әлемдегі екінші ел атанып отыр, бұл оның халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды.
Цифрлық кодекс салалық заңнамалардағы шашыраңқы ережелерді біріктіріп, құқықтық қайшылықтарды жойды және цифрлық салада бірыңғай жұмыс қағидаларын енгізді.
Цифрлық мемлекеттік басқару жүйесі қайта қаралып, жаңартылды. Адамның цифрлық құқықтарын бекіту - кодекстің негізгі элементтерінің бірі.
Енді азаматтар дербес деректерін жою, жасыру, цифрлық сәйкестендіруді қорғауға құқылы және деректерін өңдеуге қарсылық білдіре алады. Биометриялық аутентификация ҚР заңдарында көзделген жағдайларда ғана қолданылады.
Эталондық цифрлық деректерді қамтитын ұлттық регистр қалыптастырылды. Енді мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызмет көрсету кезінде (ұлттық регистрде бар болған жағдайда) қажетті цифрлық деректерді тікелей осы регистрден алуға міндетті.
Қазақстанда алғаш рет цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасы енгізіледі. Бұл - цифрлық дерек өнімдеріне белгіленген ережелер арқылы қолжетімділікті, сондай-ақ оларды пайдалану мен алмасуды қамтамасыз ететін цифрлық платформа. Платформаның жұмысы хабарламалық тәртіпте жүргізіледі және деректер айналымын «көлеңкеден» шығаруға мүмкіндік береді.
«Цифрлық үкімет» архитектурасы мемлекеттік қызметтердің жаңа деңгейін қамтамасыз етеді. Смарт-қалалар мен смарт-өңірлер цифрлық деректер мен жасанды интеллект негізінде басқарылатын болады. Бұл тәсіл өңірлердің дамуын, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды.
Кодексте цифрлық нысандардың өмірлік циклі бекітілген. Ол жоспарлау, әзірлеу, тәжірибелік пайдалану, киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау, өнеркәсіптік пайдалануға енгізу, дамыту, пайдалануды тоқтату, модификациялау, архивтеу және есептен шығару кезеңдерін қамтиды.
Мемлекеттік басқаруды цифрландыру қарқынын жеделдету мақсатында «цифрлық үкіметтің» цифрлық нысандарын құру мен дамытудағы ұзақ уақыт алатын рәсімдер алынып тасталады. Енді бюджет рәсімдері тек технологиялық тұрғыда күрделі цифрлық объектілерге ғана қолданылатын болады.
Технологиялық тұрғыда күрделі цифрлық нысандар ерекше архитектуралық және технологиялық сипаттамаларға ие. Осыған байланысты оларды жобалау, әзірлеу, жаңғырту, енгізу және пайдалану үшін арнайы талаптар белгіленеді.