Қазақстанда интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы жүйелі жұмыс күшейтіліп жатыр. Бұл жұмыс технологиялық шешімдерге, ведомствоаралық үйлестіруге және жедел әрекет ету тетіктеріне негізделген.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев интернет және қаржылық алаяқтықтың артуына, сондай-ақ оның азаматтардың әл-ауқатына тигізіп отырған кері әсеріне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтар алаяқтық схемалармен жиі бетпе-бет келіп, жеке қаражаттарынан айырылуда. Бұл жағдай мемлекет тарапынан алдын алу және қорғау шараларын жүйелі түрде күшейтуді талап етеді.
Осы басымдықтарды іске асыру аясында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және байланыс операторларының антифрод-орталықтарының жұмысын көрсетуге арналған практикалық демонстрация өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қаржы секторының және телекоммуникация саласының өкілдері қатысты.
Кездесу форматы жүйелердің нақты жұмыс істеуіне бағытталды. Қатысушыларға алаяқтық қоңырауларды, нөмірді ауыстыруды, жалған SMS-хабарламаларды және күмәнді трафикті нақты уақыт режимінде анықтау және бұғаттау тетіктері, сондай-ақ байланыс операторлары, банктер мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың қалай ұйымдастырылғаны көрсетілді.
Кездесу барысында әрекет ету жылдамдығы мен процестерді автоматтандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қолданылып отырған антифрод жүйелер мінез-құлықтағы ауытқуларды және байланыс арналарындағы техникалық параметрлерді талдау арқылы алаяқтық әрекеттерді ерте кезеңде — азаматтар схемаға тартылып үлгермей немесе операцияны растағанға дейін — анықтап, тоқтатуға мүмкіндік береді.
Демонстрация аясында байланыс операторлары антифрод бөлімшелерінің жұмыс нәтижелерін ұсынды. Компаниялардың мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 77 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталған.
Ұсынылған модель алаяқтықпен күрестің «залал келтірілгеннен кейін әрекет ету» тәсілінен инфрақұрылым деңгейінде алдын алу форматына көшкенін көрсетеді. Күдікті коммуникациялар мен мінез-құлық үлгілері зиян келтірмей тұрып анықталып, бұғатталады. Байланыс операторларының антифрод-орталықтары мен Ұлттық Банктің технологиялық өзара ықпалдастығы, сондай-ақ салааралық ынтымақтастық азаматтарды қорғау тиімділігін арттырып, тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.