ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің 2025 жылғы көрсеткіштері мен жетістіктері

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің 2025 жылғы көрсеткіштері мен жетістіктері

2025 жылы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жоспардағы іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырды. Мемлекеттік қызметті цифрландыру, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, IT-секторды қолдау және цифрлық жобаларды енгізу жұмыстары жалғасын тапты.

Сонымен қатар жасанды интеллект мемлекеттің күн тәртібіне толыққанды енді. Президент бастамасы мен тапсырмасы бойынша Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл - білім беру мен мемлекеттік басқаруды ЖИ негізінде жүйелі түрде трансформациялауға мүмкіндік берді, реттеу ережелерін, басқару институттарын, есептеу инфрақұрылымын және кадр даярлау жүйесін қалыптастыруға оң ықпалын тигізіп, мемлекет жауапкершілігін жаңа сатыға көтерді. Осы ерекшелік 2025 жылдың басты айырмашылығы болды.

Институционалдық орта

2025 жылы Жасанды интеллектіні 2029 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары айқындалды. Атап айтқанда технологияларды пайдалану, адами капиталды дамыту, деректерді қорғау және тәуекелдерді басқару мәселелері қамтылды. 

Жасанды интеллектінің экономикаға, еңбек нарығына және мемлекет функцияларына ықпалын ескере отырып, Digital Kazakhstan жаңартылған стратегиясын әзірлеу жұмыстары басталды.

Маңызды қадамдардың бірі - өңірдегі алғашқы мамандандырылған Жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы болды. Бұл заң алгоритмдердің ашықтығына, азаматтардың құқықтарын қорғауға және тәуекелдерді басқаруға қойылатын базалық талаптарды белгілейді. Сондай-ақ құжат мемлекеттік басқару, әлеуметтік, саясат, білім беру және денсаулық сақтау сияқты сезімтал салаларда жасанды интеллектіні қолдануды реттейді.

2025 жылы Цифрлық кодекс бойынша жұмыс жалғасты. Кодекс деректерді, цифрлық платформаларды, жасанды интеллект шешімдерін және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді реттеуді бір арнаға тоғыстырып, цифрлық заңнаманың бытыраңқылығын жойды. Ол мемлекет, бизнес және пайдаланушылар үшін бірыңғай әрі болжамды құқықтық ережелерді қалыптастыруға мүмкіндік берді.

2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Ол жасанды интеллект саласындағы ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты қалыптастыруға арналған негізгі сараптамалық алаңға айналды. Кеңес құрамына ғылым, білім және технологиялық бизнес саласындағы беделді халықаралық сарапшылар енді. 

Олардың қатарында жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшылардың бірі Кай-Фу Ли, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, Калифорния университетінің (Сан-Диего) ректоры Прадип Кхосла, MIT Media Lab зерттеу тобының директоры Синтия Бризель, сондай-ақ машиналық оқыту саласындағы беделді сарапшы Питер Норвиг бар. Кеңес жұмысына Эбтесам Аль-Мазруи, Омар Аль-Олама сынды халықаралық ұйым өкілдері де қатысады. Бұл Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы тәсіліне деген сенімі мен елдің жаһандық күн тәртібіне белсенді түрде атсалысып жатқанын көрсетеді. Кеңес тұрақты түрде жиналып, еңбек нарығына әсері, әлеуметтік және этикалық тәуекелдер, халықаралық үйлестіру және стратегиялық даму басымдықтары сияқты ұзақ мерзімді мәселелерді талқылайтын сараптамалық алаңға айналады. Кеңестің алғашқы отырысы 2025 жылғы қазанда Digital Bridge 2025 форумы аясында өтті.

Digital Bridge 2025 форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығын ашты. Бұл - мектеп оқушылары, студенттер, кәсіпкерлер мен ғалымдар білім алып, зерттеу жүргізіп, стартаптарды іске қосып, озық технологияларды бірлесіп дамыта алатын кеңістік. Орталықтың басты мақсаты - жасанды интеллект саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерді Қазақстанда дамытуға ұмтылған әрбір азаматқа қолжетімді ету.

Жоба негізінде Қазақстанның цифрлық трансформациясын дамытуға бағытталған стратегиялық көзқарас жатыр. Президент ел ішінде жасанды интеллект саласында білім алып, тәжірибе жүргізіп, инновацияларды енгізе алатын бірыңғай алаң қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Бұл алаңда мектеп оқушысы да, жас кәсіпкер де, зерттеуші де өз әлеуетін іске асыра алуы тиіс.

Alem.ai орталығының бірнеше нақты мақсаты бар. Біріншіден, жыл сайын жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау жоспарланып отыр. Бұл - әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан саладағы кадр тапшылығын жоюға бағытталған қадам. Екіншіден, жасанды интеллект бағытында жүз жаңа стартапты іске қосу көзделген. Бұл жергілікті инновациялық компаниялардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Үшіншіден, жасанды интеллект саласында терең ғылыми зерттеулер жүргізуге жағдай жасайтын он ғылыми жобаны қолдау жоспарланған. Сонымен қатар 2030 жылға қарай орталық айналасына IT мамандарынан бастап бизнес өкілдеріне дейін әртүрлі саладағы он мың адамды тарту көзделіп отыр.

Alem.ai экожүйесінің құрылымы (8 функционалдық деңгей)

1-қабат - форумдар, дәрістер, хакатондар, мансап жәрмеңкелері мен жасанды интеллект саласындағы байқауларға арналған қоғамдық кеңістік. Мұнда AI-кафетерий, AI-кинотеатр және көрме алаңдары орналасады.

2–3-қабаттар – 9-12-сынып оқушыларына арналған халықаралық TUMO School білім беру бағдарламасы. Бағыттары: 3D-дизайн, бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллект.

4–5-қабаттар - 18 жастан бастап жасанды интеллект саласының мамандарын даярлауға арналған Tomorrow School. Ерекшелігі - 24 ай бойы оқытушысыз, peer-to-peer қағидатына негізделген білім беру моделі.

6-қабат - стартаптарды қолдауға, акселерациялық бағдарламаларды өткізуге және жасанды интеллект саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған AI-кампус.

7-қабат - алдыңғы қатарлы жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге арналған ғылыми-зерттеу (R&D) орталықтары.

8-қабат - AI-Driven Government, яғни мемлекеттік процестерді бақылау, талдау және басқару үшін цифрлық шешімдер әзірлейтін ситуациялық орталық.

Есептеу инфрақұрылымы және AI-платформалар

Ұлттық есептеу базасы

2025 жылғы маңызды практикалық қадамдардың бірі – ұлттық есептеу инфрақұрылымының іске қосылуы болды. Шілде айында Alem.cloud Ұлттық суперкомпьютерлік орталығында NVIDIA чиптеріне негізделген, өнімділігі шамамен 2 экзафлопс (FP8) болатын суперкомпьютерлік кластер пайдалануға берілді. Бұл - Орталық Азиядағы ең ірі есептеу кешені және әлемдік TOP-500 рейтингінде 86-орынға ие болды.

Қазақстанның TOP-500 қатарына енуі елде заманауи ғылыми-технологиялық базаның бар екенін және өз жасанды интеллект модельдерін дамытуға, зерттеулер жүргізуге әрі экономиканың басым салаларына ЖИ енгізуге әлеуеті жеткілікті екенін көрсетеді. Сонымен қатар елде Қазақтелекомның коммерциялық суперкомпьютері жұмыс істейді, ол TOP-500 рейтингінде 103-орынды иеленіп, ұлттық компаниялардың аса маңызды деректерін өңдеу үшін пайдаланылуда. Бұл елдің жалпы есептеу қуатын едәуір күшейтеді.

Маңызды жайт - есептеу ресурстарын барлық мемлекеттік органдар пайдалана алады. Бұл оларға сыртқы мердігерлерге тәуелді болмай, өз бетінше жасанды интеллект шешімдерін әзірлеп, ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ұлттық жасанды интеллект платформасы

Пилоттық режимде Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Платформа мемлекеттік орган қызметкерлерінің есептеу ресурстарына, деректерге, әзірлеу құралдарына және дайын ЖИ-модельдеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Платформаның басты ерекшелігі - бағдарламалау тілін меңгермесе де қолданбалы ЖИ-шешімдерін жасау мүмкіндігі. Бұл мемлекеттік органдардың жеке IT-жобаларды іске қоспай-ақ өз қажеттіліктеріне сай цифрлық шешімдерді әзірлеуіне жол ашады. Қазіргі таңда платформаны мыңдаған қызметкер пайдаланып отыр, ал AI-ассистенттер екі миллионнан астам рет қолданылған. Мемлекеттік басқарудың әртүрлі салаларында қолданылатын 50-ден астам AI-агент әзірленіп жатыр.

Мемлекеттің цифрлық трансформация карталары

2025 жылы барлық негізгі мемлекеттік органдарды қамтитын 20 цифрлық трансформация картасы бекітілді. Цифрлық трансформация карталары классикалық IT-бағдарламалардан түбегейлі ерекшеленеді. Бұл - экономиканың және әлеуметтік саланың 72 бағыты бойынша процестерді өзгертуге арналған жол карталары. Негізгі мақсаты - қызмет сапасын жақсарту.

Карталарды әзірлеу барысында стратегиялық құжаттармен қатар күнделікті өмірде кездесетін нақты мәселелер ескерілді. Осы тәсіл декларативті бастамалардан практикалық шешімдерге көшуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде мемлекет бытыраңқы цифрлық бастамалардан - ведомстволар арасында үйлестірілген, ортақ ережелерге негізделген біртұтас басқарылатын экожүйеге өтті.

Бірыңғай технологиялық платформа және іске асыру ережелері

Мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелері QazTech бірыңғай технологиялық платформасы негізінде дамып жатыр. Ол цифрлық шешімдердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Цифрлық шешімдерді әзірлеу және енгізу мерзімі 6 айдан - 1,5 жылға дейін қысқартылды. Барлық жобалар нормативтік және басқарушылық деңгейде бекітілген Security by Design қағидаты негізінде жүзеге асырылады. Ал цифрлық трансформация карталары ашық әрі қолжетімді. Бұл бизнес пен технологиялық компанияларға мемлекет жоспарын алдын ала көруге және жобаларға технологиялық серіктес ретінде қатысуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект экономикасы үшін адами капитал және кадр даярлау

2025 жылы Қазақстанда жасанды интеллектіні оқытуға деген сұраныстың тұрақты әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие екені айқын болды. Осыған байланысты мемлекет жекелеген бастамалардан кадр даярлаудың ауқымды әрі жүйелі моделіне көшті. Сондықтан білім беру бағдарламаларын дамытуға, әсіресе мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметшілер, IT-мамандар және бизнес өкілдерін сала бойынша оқытуға басымдық берілді.

Алдағы бес жылда жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларына 1 миллион адамды оқыту мақсаты қойылды. Тек бір жыл ішінде 500 мыңнан астам азамат білім алып, AI экономикасы үшін ауқымды кадрлық базаны қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Практикаға бағытталған оқыту форматтарына ерекше назар аударылды. 2025 жылы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana Hub базасында Tomorrow School бағдарламасын іске қосты. Бұл - заманауи бағдарламалау тілдерімен және жасанды интеллект саласындағы нақты міндеттермен жұмыс істеуге бағытталған, peer-to-peer қағидатына негізделген білім беру моделі.

Аlem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында 2026 жылдан бастап 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған TUMO креативті технологиялар орталығы ашылады. Онда бағдарламалау, дизайн және генеративті жасанды интеллект технологиялары бойынша тегін білім алу мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар ЖОО  студенттері үшін - AI Sana; қолданбалы IT-кадрларды даярлау үшін - Tech Orda; мемлекеттік қызметшілер мен ұйымдар үшін - AI Qyzmet және AI Corporate білім беру бағдарламалары; педагогтерді, бизнес өкілдерін және өңірлердегі мамандарды қоса алғанда кең аудитория үшін - Ұлттық жасанды интеллект платформасы негізіндегі оқыту және онлайн-курстар іске асырылуда.

Халықаралық AI-экожүйе және жаһандық әріптестік

2025 жыл халықаралық іс-шаралар мен әріптестікке бай болды. Жылдың негізгі оқиғаларының қатарында: Digital Almaty 2025, AlmatyFair.ai, Digital Bridge 2025 форумдары, Presight (G42) компаниясы кеңсесінің ашылуы және Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығының іске қосылуы. Бұл бастамалар әлемдік сарапшылар қауымдастығы мен жетекші технологиялық компаниялардың қызығушылығын арттырып, ұзақ мерзімді серіктестік пен тәжірибе алмасуға жол ашты.

Жасанды интеллект саласындағы халықаралық қызмет 36 елді қамтыды. Бір жыл ішінде 36 меморандум және 4 келісім жасалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Вашингтонға сапары аясында (C5+1) OpenAI, Microsoft, NVIDIA, Cisco, Palo Alto Networks, Oracle және басқа да жетекші әлемдік компаниялармен 14 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, киберқауіпсіздік және адами капиталды дамыту салаларын қамтиды.

Цифрлық трансформация және мемлекеттік қызметтер

Бүгінде Қазақстан электрондық үкіметтің даму индексі бойынша 193 елдің ішінде 24 - орында тұр және онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемнің топ-10 елінің қатарына кіреді. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік функцияларды цифрлық форматқа көшіру бойынша көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. Цифрлық арналар азаматтар үшін мемлекетпен өзара іс-қимылдың негізгі тәсіліне айналды. 2025 жыл басынан бері қазақстандықтар 51,5 млн-нан астам мемлекеттік қызметті онлайн түрде алды, оның жартысына жуығы eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетілді.

eGov.kz порталы пайдаланушыларының саны 15,1 млн адамнан асты, ал жыл басынан бері жүйеге қосымша 610 мың жаңа пайдаланушы тіркелді. eGov Mobile қосымшасын 11,7 млн азамат қолданып, ай сайынғы белсенді аудиториясы 6,4 млн адамға жетті (бір жыл бұрын - 4,2 млн). Күн сайын қосымшаны 671 мыңнан астам адам пайдаланады. 2025 жылы азаматтарға 220-дан астам жаңа цифрлық қызмет пен сервис қолжетімді болды.

Ең сұранысқа ие қызметтердің қатарында банктік қарыздар мен микрокредиттерден ерікті түрде бас тарту сервисі, соттылығының бар-жоғы туралы анықтама, сондай-ақ заңды тұлғалардың тіркелуі жөніндегі анықтама бар. 2025 жылдың маусым айынан бастап құқықбұзушылық туралы жедел хабарлауға мүмкіндік беретін «Заң және Тәртіп» сервисі енгізілді.

2025 жылдың тамыз айында eGov Mobile соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңартудан өтті. Негізгі жаңалық - жасанды интеллектіге негізделген eGov AI интеллектуалды іздеу жүйесі. Жалпы алғанда, жыл ішінде eGov.kz порталы арқылы 25,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ең танымал қызметтер: зейнетақы аударымы, емханаға тіркелу және жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы Ф-6 анықтамасы.

Азаматтар мен бизнеске арналған қолданбалы цифрлық шешімдер де белсенді дамып келеді. eGov Business сервисі іске қосылып, 2025 жылы ол арқылы 4,6 млн қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, ААҮ-тің ең сұранысқа ие топ-10 қызметі онлайн форматқа көшірілді.

«Әлеуметтік әмиян» жобасы 6,7 мың мектепте енгізіліп, онда 49 млн тегін ыстық тамақ берілді. Бұл өңірлердің шығындарын 15–30 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында сервис 700-ден астам мемлекеттік дәріхананы және 13 млн электронды рецептіні қамтып отыр, алдағы уақытта оны жеке секторға кеңейту жоспарланған.

Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметтер ХҚКО мен eGov порталынан бастап мобильді сервистерге, жасанды интеллект шешімдеріне, интеллектуалды кеңесшілер мен көпагентті AI-көмекшілерге дейінгі эволюциялық жолдан өтті. Бұл мемлекет пен азаматтар, сондай-ақ бизнес арасындағы проактивті өзара іс-қимылға бағытталған жаңа модельді қалыптастыруға мүмкіндік берді.

IT-секторды дамыту және стартаптарды қолдау

2025 жылы Қазақстанның IT-секторы ішкі қызмет көрсету нарығынан экспортқа бағдарланған экономика саласына көшуін жалғастырды. Стартап-экожүйені дамытуда маңызды рөлді жеті жыл ішінде технологиялық компанияларды қолдаудың негізгі алаңына айналған Astana Hub атқарады.

Бүгінде Astana Hub экожүйесінде 2 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Технопарк резиденттері салықтық және виза алуда жеңілдіктерге, сондай-ақ инфрақұрылымға қол жеткізіп, халықаралық нарыққа шыға алады. Қатысушылардың жалпы табысы 800 млн АҚШ долларына жетіп, 20 пайыздық өсім көрсетті.

IT-қызметтер экспорты 1 млрд АҚШ долларына жетіп, қазақстандық компаниялардың сыртқы нарықтарға орнықты шығуын растады.

Стартаптарды қолдау акселерациялық және инкубациялық бағдарламалар, сондай-ақ венчурлық инфрақұрылымды дамыту арқылы жүзеге асырылуда. 2024 жылы құрылған Astana Hub Ventures қоры Zypl.ai, Grand Games, Uniblock, Axellero.io және Clarity Flo жобаларына инвестиция салды.

Қазіргі таңда Astana Hub экожүйесінде 20 өңірлік және 4 халықаралық хаб жұмыс істейді. Халықаралық хабтар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап шетелдік нарыққа шықты. 2025 жылы Қазақстанда өңірдегі алғашқы «Unicorn» мәртебесін алған технологиялық  компания -  Higgsfield.ai пайда болды.

Телекоммуникация және байланыс

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 3 000-нан астам ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланған. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде, негізгі мақсат - 2027 жылдың соңына қарай елді мекендерді 100 пайыз  интернетпен қамту.

Негізгі басымдықтардың бірі - талшықты-оптикалық инфрақұрылымды дамыту. «Соңғы миль» жобасы аясында 1100-ден астам ауыл «үйге дейінгі оптика» технологиясы бойынша қосылады. Бұл өңірлерде цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.

Мобильді желілерді кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде шамамен 3,1 мың ауыл 4G байланысымен қамтылған, оның ішінде 2025 жылы қосымша 274 елді мекен қосылды. Сонымен қатар 5G желісі белсенді түрде дамып келеді: елде 3,2 мыңнан астам базалық станция орнатылған, олардың 1300-ге жуығы 2025 жылы іске қосылды.

Шалғай ауылдар үшін спутниктік технологиялар дамытылуда. 2025 жылы Қазақстан өңірде Starlink және OneWeb сервистері ресми іске қосылған алғашқы ел атанды. Бұл ғана емес, Amazon LEO және Shanghai SpaceSail жүйелерінің нарыққа шығуына қатысты келісімдерге де қол жеткізілді.

2025 жылдың желтоқсанында Direct-to-Cell технологиясы сәтті сыналды. Бұл технология мобильді құрылғыларды спутниктерге тікелей қосуға мүмкіндік береді. Қызметті коммерциялық іске қосу 2026 жыл басына жоспарланған, алғашқы кезеңде SMS жіберу мүмкіндігі қарастырылады.

Сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі мен автомобиль жолдары бойындағы байланыс инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. 

Ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық сауаттылық

Цифрлық сервистердің өсуі киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты алаңдаушылықты күшейтті. 2025 жылы Қазақстан Халықаралық электр байланысы одағының Жаһандық киберқауіпсіздік индексінде өз позициясын жақсартып, Tier 2-Advancing санаты бойынша 3-орынға шықты. Халықтың киберқауіпсіздік бойынша хабардарлық деңгейі 86 пайызға жетті, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында CITIZENSEC.KZ және NOMADGUARD.KZ платформалары дамытылуда. 2024 жылдан бері оларды 1 млн-нан астам адам пайдаланып, 6 мыңға жуық сілтеме фишингтік қауіпке тексерілді. Сонымен қатар конференциялар, форумдар және оқыту бағдарламалары іске асырылуда. Олардың қатарында 9–11 сынып оқушыларына арналған CTF-Bootcamp, Орталық Азия елдерінің мамандарына арналған онлайн-тренингтер және KazHackStan конференциясы бар.

Серіктестермен бірлесіп «Цифрлық қоғам» жобасы жүзеге асырылуда. CyberKraft журналдары, балаларды интернетте қорғау бойынша жадынамалар және азаматтарға арналған киберқауіпсіздік бойынша материалдар дайындалды. Kaspersky компаниясымен бірлесіп «Киберәліппе» әзірленіп, ол eGov порталындағы «Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі» бөлімінде жарияланды.

2025 жылы нормативтік реттеу күшейтілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жауапкершілікті арттыратын өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ eGov порталында жеке деректерді өңдеуге берілген келісімді кері қайтарып алу мүмкіндігі іске асырылды.

Жасанды интеллект туралы заң аясында жеке деректер туралы заңнама жаңартылды. Биометрияны қоса алғанда ұғымдар нақтыланып, келісім беру және оны кері қайтарып алу тәртібі, автоматтандырылған деректерді өңдеуге қойылатын талаптар айқындалды. 2025 жылдың желтоқсанынан бастап дербес деректердің 100 мыңнан астам жазбасын қамтитын дерекқорлармен жұмыс істеу кезінде көпфакторлы аутентификация, оның ішінде биометрияны міндетті түрде қолдану туралы ереже енгізілді.

Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді сынақтан өткізу хаттамаларының қолданылу мерзімі үш жыл болып белгіленді, бұл цифрлық сервистердің қорғалу деңгейін тұрақты түрде тексеруге мүмкіндік береді.

Аэроғарыш саласы

2025 жылы Қазақстанның аэроғарыш саласы нақты нәтиже көрсетті. Конго Республикасы мен Нигерияға арналған Жерді қашықтан зондтау жүйелерін жасау бойынша екі экспорттық келісімшарт жасалды. Қытай Халық Республикасымен ғарыш саласындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

ALEM View жобасы - Жерді қашықтан зондтаудың ұлттық спутниктік топтамасын құру жұмыстары жалғасуда. Үш спутниктің жобалау кезеңдері аяқталып, жабдықтың едәуір бөлігі сатып алынды, негізгі жүйелерді жинақтау және сынақтан өткізу басталды. Топтама мемлекеттік басқару, аумақтарды бақылау, экология, ауыл шаруашылығы, қала құрылысы және ұлттық қауіпсіздік қажеттіліктеріне арналған.

Ғарыш деректеріне негізделген қолданбалы жобалар да іске асырылуда. Олардың қатарында «Tasqyn» су тасқынын болжау жүйесі, «Tabigat.gov.kz» табиғи ресурстардың интерактивті картасы және «JerInSpectr» жүйесі бар.

«Бәйтерек» жобасы аясында ғарыштық зымыран кешенін құру бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. «Союз-5» / «Сұңқар» зымыран-тасығышының алғашқы сынақтық ұшырылымына дайындық басталды. Жоба ұшу сынақтарының белсенді кезеңіне өтті және ұлттық ғарыш инфрақұрылымын дамытудың негізгі элементі болып саналады. Сонымен қатар «Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуетін дамыту жұмыстары жалғасуда.

Болашақта шағын спутниктерді орбитаға икемді әрі экономикалық тұрғыда тиімді шығаруға мүмкіндік беретін аса жеңіл класты зымыран-тасығыштың жобасы әзірленіп жатыр. 2025 жылы Space Days Kazakhstan 2025 халықаралық форумы өтіп, оған 50 елден 700-ден астам қатысушы жиналды.

Smart City → Smart Region

GOVTech-экожүйесін дамыту аясында жасанды интеллектіге негізделген цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Олардың қатарында ЖИ-колл-орталықтары, азаматтарға арналған интеллектуалды көмекшілер, өтініштерді автоматты өңдеу жүйелері және мемлекеттік органдарға арналған аналитикалық құралдар бар. Олар қызмет көрсету сапасын арттырып, процестерді автоматтандыру арқылы мемлекеттік органдарға түсетін жүктемені азайтады.

2025 жылы Smart City тұжырымдамасынан Smart Region бірыңғай моделіне көшу жүзеге асырылды. Бұл тәсіл өңірлер ауқымын, әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық және климаттық ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік беріп, цифрлық дамуды жекелеген қалалар деңгейінде емес, облыстар деңгейінде жүйелі түрде жүргізуге жол ашады.

Сондай-ақ өңірлердің цифрлық дамуының бірыңғай ұлттық стандарты енгізілді. Ол 16 бағыт пен 90 тиімділік көрсеткішін қамтиды. Бұл цифрландыру деңгейін объективті бағалауға, прогресті бақылауға және бірыңғай деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Криптоиндустрия және цифрлық активтер

2025 жылы Қазақстан цифрлық активтердің түсінікті моделін қалыптастыруға көшті. Бұл модель саланы дамытуға, инвестиция тартуға және азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған.

Цифрлық майнингке қойылатын талаптар жеңілдетілді: инфрақұрылымға қойылатын талап төмендетілді, майнингті басқа қызмет түрлерімен қатар жүргізуге рұқсат берілді, ал АХҚО биржалары арқылы өндірілген цифрлық активтердің 75 пайызын міндетті түрде сату талабы алынып тасталды. Бұл өзгерістер нарықты икемді әрі бизнеске түсінікті етіп, халықаралық тәжірибеге жақындатты және инвесторлардың қызығушылығын арттырды.

Цифрлық активтер мен блокчейн-жобалар экожүйесін қолдауға арналған Alem Crypto Fund құрылды. Орталық Азия мен ТМД нарығын қамти отырып, Web3-экожүйесін дамытуға ықпал ететін Solana Super Team KZ өңірлік өкілдігі ашылды.

Азаматтарды қорғау шаралары күшейтілді. 2023 жылдан бері цифрлық актив саудасына қатысты 6 мыңға жуық лицензиясыз сайт пен қосымшаға қолжетімділік шектелді. Сондай-ақ Cointelegraph басылымымен меморандумға қол қойылды.

Қорытынды

2025 жыл ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үшін мемлекетті дамытудың негізгі құралдарының бірі болып саналатын жасанды интеллектіні енгізу кезеңіне өту жылы болды.

Жыл бойы жүзеге асырылған іс-шаралар ұзақ мерзімді және дәйекті жұмыстың бір бөлігі ғана. Атқарылған жұмыстар біртұтас цифрлық экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік берді.

2025 жылы қалыптастырылған құқықтық, инфрақұрылымдық және кадрлық шешімдер ЖИ технологияларын одан әрі енгізу мен ауқымын кеңейтуге, сондай-ақ цифрлық экономиканы дамытуға мүмкіндік береді.