
26 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Freedom Lifestyle елдегі ұшқышсыз жеткізу қызметін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар дрон арқылы жеткізудің пилоттық жобасын іске қосуға келісті. Құжат қалалық инфрақұрылым мен цифрлық шешімдерді дамытуға, сондай-ақ қауіпсіздік пен қала тұрғындарының жайлылығына басымдық бере отырып, тауар жеткізудің жаңа форматын сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
Ынтымақтастық аясында Freedom Lifestyle жобаларды қаржыландыруға және ұйымдастыруға қатыса алады, сондай-ақ ұшқышсыз жеткізу қызметін өздерінің цифрлық өнімдеріне енгізеді. Компания 2025 жылдың басынан бастап ұшқышсыз ұшу аппаратының операторлары командасын қалыптастырып, Freedom X R&D-зертханасында дронмен жеткізу технологияларын тестілеуден өткізіп келеді.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің рөлі - реттеуші ретінде қатысу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаңа технологияларды қалалық ортаға енгізуді үйлестіру. Министрлік жобаны пилоттық кезеңде сүйемелдеп, түсінікті ережелерді қалыптастырады.
«Меморандумға қол қою мемлекеттің ұшқышсыз технологиялар мен заманауи логистикалық сервистерді дамытудағы жүйелі тәсілін көрсетеді. Пилоттық жобалар технологияларды нақты жағдайда сынауға, қажетті нормативтік шешімдерді пысықтауға және осындай қызмет түрін әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов.
«Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанымыз үшін қуаныштымыз және бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдіреміз. Бұл серіктестік ұшқышсыз технологияларды азаматтардың күнделікті өміріне енгізуге мүмкіндік береді, жеткізу процесін жылдам әрі тиімді етеді», - деді Freedom Lifestyle Group бас директоры Алексей Ли.
Алматыдағы пилоттық жоба аясында дрондар азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары мен дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін пайдаланылады. Бір ұшқышсыз аппарат екі нүктеден 3 шақырымға дейінгі радиуста, салмағы 10 килограмға дейінгі жүкті тасымалдай алады. Ұшулар күндізгі уақытта және қолайлы ауа райы жағдайында ғана орындалады.
Пилоттық жобаны 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында іске асыру жоспарланған және кезең-кезеңімен дамытылады. Ұшу қауіпсіздігі, байланыс арналарының тұрақтылығы расталған сайын және қала тұрғындарының кері байланысын ескере отырып, дрондар санын біртіндеп арттыру көзделіп отыр. Бұл сервисті қалалық жағдайда сынап, оны әрі қарай, ауылдық жерлерге жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезеңде жобаны іске қосуға қажетті инфрақұрылым толық дайын, ал ұшу қауіпсіздігі мен азаматтарды қорғау мәселелеріне айрықша көңіл бөлінген. Штаттан тыс жағдайларда дрондарды автоматты түрде қайтару немесе қауіпсіз қондыру шаралары қарастырылған. Әрбір дрон парашюті бар қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған және интернет байланысы үзілген жағдайда да автономды режимде ұшуды жалғастыра алады.
Халық үшін тәуекелдерді барынша азайту мақсатында жеткізу маршруттары негізінен жасыл аймақтар: саябақтардың үсті және көше бойларымен құрылады. Оператор жұмысы авиациялық реттеушілермен келісілген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Болашақта жоба тек қалаларда ғана емес, шалғайдағы елді мекендерде де жеткізу мүмкіндігін қарастыра отырып, логистикалық сервистердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады.