Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуге дайындық бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр

Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуге дайындық бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр

Oxford Insights халықаралық талдау орталығы жариялаған Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде Қазақстан әлемнің 195 мемлекеті арасында 60-орынға ие болып, бір жыл ішінде бірден 16 позицияға жоғарылады. Бұған дейінгі (2024 жылғы) рейтингте еліміз 76-орында тұрған еді.

Өңірлік бөліністе Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектіні енгізу және басқару деңгейі бойынша көш бастап, “аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі” мәртебесін растады.

Government AI Readiness Index үкіметтердің жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда, экономикада және қоғамдық процестерде тиімді қолдану қабілетін, сондай-ақ ЖИ-дің қауіпсіз, жауапты және орнықты дамуына жағдай жасау деңгейін бағалайды. Зерттеу 195 елді қамтиды және мемлекеттердің жасанды интеллект саласындағы рөліне ғана бағытталған бірегей халықаралық рейтинг болып саналады.

Қазақстанның рейтингтегі ілгерілеуі институционалдық және инфрақұрылымдық базаның нығаюын, сондай-ақ ЖИ-дің мемлекеттік секторда белсенді енгізілуін көрсетеді.

Еліміз әсіресе Public Sector Adoption бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, 73,59 балл жинады. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қызметтерде цифрлық шешімдердің кеңінен қолданылып жатқанын, электрондық үкіметтің дамуын және азаматтар мен бизнеске арналған сервистердің проактивті форматтарға көшуін айғақтайды.

Қазақстанның маңызды бәсекелестік артықшылықтарының бірі –цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуы. Ол жасанды интеллект шешімдерін ұлттық деңгейде ауқымды түрде енгізуге мүмкіндік береді. Ұлттық цифрлық платформалар, интернеттің таралу деңгейінің жоғары болуы және электрондық мемлекеттік қызметтердің жетілген экожүйесі ЖИ технологияларын одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Oxford Insights есебінде Қазақстанның саяси әлеуеті мен басқарушылық дайындығы да ерекше атап өтілген. Стратегиялық құжаттардың болуы, нормативтік-құқықтық базаның қалыптасуы және жасанды интеллект тақырыбына институционалдық деңгейде тұрақты назар аударылуы елге бұл салада ұзақ мерзімді әрі жүйелі мемлекеттік саясатты жүргізуге мүмкіндік береді.

2025 жылы рейтинг мемлекеттің рөлін кеңейтілген тұрғыда ескеретін жаңартылған әдістеме бойынша жасалды. Онда стратегиялық жоспарлау мен реттеуден бастап, ЖИ-ді мемлекеттік сектор мен экономикада практикалық түрде енгізуге дейінгі барлық аспектілер қамтылған.

Зерттеу нәтижелері алдағы даму бағыттарын да айқындайды. Қазақстанның ЖИ-экожүйесін дамытудың келесі кезеңі жасанды интеллект шешімдерін коммерцияландыруды жеделдетумен, жеке технологиялық секторды, стартаптарды дамытумен, сондай-ақ бизнес үшін деректер мен қаржыландыру құралдарына қолжетімділікті кеңейтумен байланысты.

Жалпы алғанда, Government AI Readiness Index 2025 нәтижелері Қазақстанның жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізу жолында сенімді түрде алға жылжып келе жатқанын растайды. Алдағы уақытта мемлекеттік цифрлық базаны нарықтық шешімдерге айналдыру және жасанды интеллект технологияларын енгізе отырып, тұрақты экономиканы қалыптастыру арқылы Қазақстан жоғары нәтижеге қол жеткізе алады.