Мәжіліс Цифрлық кодексті және оған қатысты ілеспе түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс Цифрлық кодексті және оған қатысты ілеспе түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады

Бұл цифрлық ортаның дамуы үшін бірыңғай ереже қалыптастыратын және цифрлық мемлекеттің заманауи құқықтық негізін айқындайтын жүйелі құжат. 

Кодекстің қабылдануы цифрлық заңнаманы жаңғыртудың маңызды бөлігі. Құжат бытыраңқы нормаларды біріктіріп, жаңа құқықтық санаттарды енгізеді және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.

Өз Жолдауында Мемлекет басшысы ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу негізінде экономиканы жаңғырту қажеттігін атап өтті. Алғашқы қадам ретінде Цифрлық кодексті жедел қабылдауды тапсырып, оның елдің цифрлық инфрақұрылымы мен құқықтық базасын одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызы бар екенін ерекше атап өтті.

Цифрлық кодекс деректер, электрондық құжаттар, сервистер, платформалар сияқты негізгі цифрлық нысандардың мәртебесін айқындап, олардың мемлекеттік және жекеменшік секторларда қолданылу ережелерін белгілейді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер мен бизнес-процестерде қағазсыз технологияларды кеңінен қолдануға жол ашады.

Кодекстің негізгі элементтерінің бірі – адамның цифрлық құқықтарын бекіту. Азаматтардың жеке деректерінің құпиялылығын қорғау кепілдігі беріледі. Пайдаланушының талап етуі бойынша цифрлық кеңістікте жеке ақпаратты шектеуге немесе жоюға мүмкіндік беретін «ұмытылу құқығы» енгізіледі. Бұл - азаматтардың өз деректерін басқару мүмкіндігін күшейтіп, жалпы цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттырады.

Құжаттың жекелеген нормалары смарт-келісімшарттар, таратылған жүйелер және цифрлық платформалар сияқты жаңа технологиялық шешімдерді құқықтық тұрғыда реттеуді қамтамасыз етеді. Мұндай құралдарды дәстүрлі құқықтық тетіктермен қатар қолдану мүмкіндігі қарастырылып, заманауи бизнес-модельдер мен сервистерді енгізуге жол ашады.

Мәжіліс Цифрлық кодексті екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Құжаттың қабылдануы цифрлық ортада жұмыс істеудің анағұрлым ашық әрі түсінікті қағидаларын қалыптастырып, инновацияларды дамытуға жағдай жасайды, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырады және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтеді.