Астанада киберқауіпсіздік саласы бойынша кадрлар даярлау мәселелеріне арналған көшпелі семинар өтті

Астанада киберқауіпсіздік саласы бойынша кадрлар даярлау мәселелеріне арналған көшпелі семинар өтті

Астанада «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» бағыттары бойынша Оқу-әдістемелік бірлестігінің «Кибербілім күні: қауіптер, қорғаныс, перспективалар» атты көшпелі семинары өтті. Іс-шара AstanaHub алаңында ұйымдастырылып, мемлекеттік органдардың, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының, индустрия өкілдерінің және негізгі стейкхолдерлердің басын қосты.

Семинар Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, сондай-ақ ОӘБ-нің базалық жоғары оқу орны – «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ (ХАТУ) қолдауымен ұйымдастырылды.

Семинар бағдарламасы Мемлекеттік техникалық қызметке (МТҚ) жасалған экскурсиядан басталды. Экскурсия барысында қатысушыларға ұлттық киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі бөлімдердің жұмысы таныстырылды. Қатысушылар Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығының қызметімен, сондай-ақ киберқауіптерді бақылау және оларға ден қоюдың қолданыстағы тетіктерімен танысты.

Семинарды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мұсалиев Досжан және Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Джарасова Гүлжан ашты.

Вице-министр өз сөзінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің жедел дамуы киберқауіптердің өсуіне әкеліп отырғанын, ал кибершабуылдардың күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналғанын атап өтті. Ол критикалық инфрақұрылымды қорғауға, заманауи шешімдер әзірлеуге және күрделі қатерлерді модельдеуге қабілетті мықты әрі уәждемесі жоғары мамандарды даярлаудың маңызын ерекше білдірді. Сондай-ақ, кадрларды даярлау сапасын арттыру мен іріктеуді күшейту, білім беру бағдарламаларын практикалық бағытқа бейімдеп жаңарту, сондай-ақ кәсіби кадрларды қалыптастырудағы университеттер мен оқытушылардың рөлін нығайту бағыттарын негізгі басымдықтар ретінде атап өтті.

Семинардың негізгі тақырыптары — киберқауіпсіздік саласындағы жаңа кәсіби стандартты енгізу, киберқауіптердің өзекті трендтері, жасанды интеллектті маман даярлау процесіне интеграциялау, зерттеу құзыреттерін дамыту және еңбек нарығының жаңа талаптары.

Күннің екінші жартысында жоғары оқу орындары, жұмыс берушілер және министрлік өкілдері қатысқан практикалық сессия өтті. Жұмыс топтары қолданыстағы білім беру бағдарламаларын талдап, оларды жаңа кәсіби стандартпен және халықаралық тәжірибемен салыстырды, сондай-ақ бейінді пәндердің мазмұнын жаңарту бойынша ұсыныстар әзірледі.

Іс-шара қорытындысы бойынша ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жаңғырту жөнінде ұсыныстар қалыптастырылды. Негізгі басымдықтар: «Киберқауіпсіздік саласындағы қызмет» кәсіби стандартына сәйкес оқу жоспарларын өзектендіру, практикалық оқытуды күшейту, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға қатысты модульдерді енгізу, дуальды оқытуды кеңейту, студенттердің зерттеу және коммуникациялық дағдыларын дамыту.