ҚР ЖИЦДМ жанындағы Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті

ҚР ЖИЦДМ жанындағы Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті

Отырысты ашқан Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев сарапшылар қауымдастығымен және азаматтармен ашық әрі конструктивті диалогтың маңыздылығын атап өтті. Министрдің айтуынша, қоғамның белсенді қатысуы Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады.

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж. Мадиев Қоғамдық кеңесті министрліктің атқарған жұмыстары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді оптикалық-талшықты байланыспен қамтамасыз ету, спутниктік қызметтердің нарыққа шығуы, дата-орталықтарды дамыту, адам капиталын арттыру, заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ жасанды интеллектті дамыту үшін институционалдық негіз құру, оның ішінде Халықаралық жасанды интеллект кеңесін құру бағыттары бойынша жұмыстар таныстырылды.

Отырыста Кеңес мүшелеріне Қоғамдық кеңестің ережесі таныстырылды. Дауыс беру нәтижесінде төрайымы болып Women in Tech Kazakhstan Chapter басшысы Болатжан Әсем тағайындалды. 

Сонымен қатар 2026 жылға арналған Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына қатысты ұсыныстар қаралды.

Еске сала кетейік, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес 2025 жылғы 7 қарашада құрылды.

Кеңес құрамына сарапшылар қауымдастығының, бизнес өкілдерінің, салалық бірлестіктердің, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың мүшелері кірді. Олардың қатарында ірі технологиялық компания басшылары, телеком және финтех саласының мамандары, интернет қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ депутаттар мен тәуелсіз сарапшылар бар. Мұндай әртараптандырылған құрам елдегі цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне кең әрі кәсіби көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қоғамдық кеңес мемлекеттік бастамаларды талқылауға, нормативтік актілерге сараптамалық пікір беруге, цифрлық саясатты дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысады және мемлекет, бизнес пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог алаңына айналады.