Қазақстан мен БАӘ стратегиялық серіктестікті күшейтеді: Астанада Үкіметаралық комиссияның 10-отырысы өтті

Қазақстан мен БАӘ стратегиялық серіктестікті күшейтеді: Астанада Үкіметаралық комиссияның 10-отырысы өтті

Астанада Қазақстан-БАӘ Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 10-отырысы өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Аль Мазруи төрағалық етті. Отырысқа екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары және технологиялық компания өкілдері қатысты.

Пленарлық отырыстың ашылуы барысында Жаслан Мәдиев Қазақстан мен БАӘ арасындағы әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті: «Біздің ынтымақтастығымыз классикалық экономикалық диалог шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Бүгін - жасанды интеллект, GovTech, ғарыш, энергетика және ғылыми зерттеулер салаларындағы болашақтың цифрлық архитектурасын қалай бірге қалыптастыруға болатыны туралы айтып отырмыз. Адам мен технология мүмкіндіктеріне деген сенім - БАӘ мен Қазақстанды біріктіретін ерекше қасиет. Сондықтан серіктестігіміз аймақтағы ең серпінді әрі перспективалы бағыттардың біріне айналып келеді», - деді ол.

Отырыс ынтымақтастықтың жан-жақты және терең сипат алып келе жатқанын көрсетті. Ал екі ел арасындағы қарым-қатынас сауда, көлік, энергетика, ғарыш, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын қамтиды. Биыл сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллект және технологиялық серіктестік мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан мен БАӘ барлық негізгі салалар бойынша өзара іс-қимылды күшейтті және аталған ел - Қазақстан экономикасына ірі инвесторлардың бірі. Мысалы, соңғы он жылда елімізге салынған тікелей инвестициялар көлемі 1,3 млрд доллардан асса, 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда екі есеге өскен. Қазақстанда Әмірліктердің қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді, оның 49-ы АХҚО қатысушысы. Ал БАӘ экономикасына салынған қазақстандық инвестиция көлемі 2 млрд долларға жуықтады - бұл өзара сенімнің маңызды көрсеткіші.

Отырыстың негізгі бөлігі екіжақты ынтымақтастықтың бүкіл спектрін күшейтетін стратегиялық бағыт - цифрлық саланы талқылауға арналды. Қатысушылар Қазақстанның Орталық Азиядағы алғашқы экзафлопстық инфрақұрылымды (өңірдегі ең қуатты суперкомпьютер) іске қосқанын атап өтті және Астананың цифрлық контурын дамытудағы БАӘ компанияларының үлесін жоғары бағалады. Жиында Kaz–UAE GovTech Innovation Hub атты бірлескен инновациялық алаң құру бастамасы көтерілді. Бұл цифрлық шешімдерді тестілеу, тәжірибе алмасу және мемлекеттік басқаруға инновацияларды енгізу орталығы болмақ.

Сондай-ақ жасанды интеллект, Big Data, 6G, робототехника салаларында бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтарын құру, мамандар алмасу және мемлекеттік қызметшілер, инженерлер мен зерттеушілерді даярлау бағдарламалары талқыланды. Киберқауіпсіздік, цифрлық активтер және жоғары өнімді есептеулер салаларындағы әріптестікке ерекше назар аударылды.

Ғарыш саласындағы жобалар маңызды тақырыпқа айналды. Қазақстан тарапынан Жерді қашықтан зондтау спутниктері, деректер беру жүйелері, ғарыштық зерттеулер және халықаралық миссияларға қатысу мүмкіндіктері таныстырылды. БАӘ Қазақстанды 2026 жылы Сенегалмен бірлесіп ұйымдастыратын БҰҰ-ның Су мәселелері жөніндегі конференциясына дайындыққа белсенді түрде қатысуға шақырды.

Медицина, білім беру және мәдениет салалары да назардан тыс қалмады. Тараптар медициналық зерттеулерді дамыту, денсаулық сақтау инфрақұрылымына инвестиция тарту, академиялық алмасу мен бірлескен мәдени жобаларды кеңейтуге дайын екенін растады.

Отырыс қорытындысы бойынша цифрландыру, көлік, энергетика, ғарыш және мәдениет бағыттары бойынша барлық негізгі уағдаластықты бекіткен Үкіметаралық комиссияның 10-отырысының хаттамасы қабылданды.

Келесі, бірлескен үкіметаралық комиссияның 11-отырысы 2026 жылы Абу-Дабиде өтеді.