Қазақстан мен Түрікменстан цифрлық технологиялар және байланыс саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Түрікменстан цифрлық технологиялар және байланыс саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Түрікменстанның Байланыс министрі Қажымұрат Құдайғұлыев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен, сондай-ақ вице-министр Досжан Мұсалиевпен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар цифрлық экономиканы және электрондық үкіметті дамыту, халықаралық деректер транзитінің өткізу қабілетін арттыру, жасанды интеллект саласындағы әріптестікті кеңейту, «Қазпошта» АҚ арқылы цифрлық сауданы дамыту мүмкіндіктері, ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл және Алматыда Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі өңірлік орталық құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдау секілді бірқатар маңызды бағыттарды талқылады.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Қазақстан мен Түрікменстан телекоммуникациялық желілерінің халықаралық түйісу нүктесін ұйымдастыру жобасы болды. Бұл – екі елдің желілерін тікелей әрі сенімді байланыстыруды мақсат ететін маңызды инфрақұрылымдық бастама.

Жоба Темірбаба (Қазақстан) – Бекдаш (Түрікменстан) учаскесінде жерасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздейді. Бұл желінің іске қосылуы өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық байланыс арналарының өткізу қабілетін арттырады және Орталық Азиядағы жаңа цифрлық бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сапар аясында Қазақстанның «TNS-Plus» ЖШС мен Түрікменстанның «Туркментелеком» компаниясы арасында Ниеттестік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі елдің магистралдық телекоммуникациялық желілерін біріктіретін шекаралық кабельдік өткел салу жөніндегі келісімді бекітеді.

Жобаны іске асыру үшін бірлескен жұмыс тобы құрылады. Топ болашақ желінің техникалық параметрлерін, мемлекетаралық шекараны кесіп өтетін нүктені айқындап, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді.

Негізгі құрылыс жұмыстарын меморандумға қол қойған күннен кейін 12 ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Жоба мемлекетаралық маңызға ие: ол Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның хаттамасына енгізілген және салалық ведомстволар деңгейінде саяси қолдау тапты. Оның жүзеге асуы телекоммуникация саласындағы серіктестікті нығайтады және екі ел арасындағы халықаралық байланыс қызметтерінің сапасын жаңа деңгейге көтереді.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, тараптар АКТ және коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

Анықтама ретінде:

DWDM (Dense Wavelength Division Multiplexing) – бір оптикалық талшық арқылы бірнеше дербес сигналды әртүрлі жарық толқындарын қолданып бір уақытта жеткізуге мүмкіндік беретін технология.

Қазақстан мен Түрікменстан байланыс, цифрлық шешімдер және ғарыш технологиялары саласында бірнеше жыл бойы жүйелі түрде ынтымақтасып келеді. 2019 жылдан бері тараптар техникалық ақпарат алмасып, сараптамалық кездесулер өткізді, бірлескен жобаларды талқылауда.