
Qazaqstan Venture Group (Alem Ventures Fund қорлар қорының басқарушы компаниясы) алғашқы жабылу кезеңі аясында $115 млн тартты. Бұл кезеңде алғашқы инвесторлардың міндеттемелері рәсімделіп, қордың инвестициялық қызметі басталды. Капитал қалыптастыруға Qazaqstan Investment Corporation, Freedom Holding Corp., Astana Hub және бірқатар жеке инвесторлар қатысты.
Венчурлік қорлар қорын құру бастамасы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қолдауымен 2024 жылдың желтоқсанында іске қосылған болатын. Бұл бастама ұлттық венчурлік экожүйені дамытуға, жеке капитал тартуға және өңірді жаһандық инновациялық экономикаға интеграциялауға бағытталған. Осы жұмыстың аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында Qazaqstan Venture Group (QVG) басқарушы компаниясы құрылып, лицензияланды. 2025 жылдың шілде айында QVG аймақтағы алғашқы қорлар қоры – Alem Ventures Fund-ты тіркеді, ол өңірлік және халықаралық венчурлік қорларға инвестиция салуға бағытталған.
«Alem Ventures Fund әртараптандырылған портфель қалыптастыруға бағытталған, оған Орталық Азия мен Кавказдың институционалды қорлары, сондай-ақ жетекші жаһандық венчурлік қорлар кіреді. Қорларды іріктеу барысында біз басқарудың институционалдық сапасына, ашықтығына, стратегияның орнықтылығына және команданың кәсібилігіне ерекше көңіл бөлеміз. Біздің мақсат – әлемдік венчурлік нарықтың үздік технологиялары мен тәжірибелеріне қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, инновациялық экожүйенің дамуын жеделдету», – деді QVG бас директоры Асқар Білісбеков.
Alem Ventures Fund-тың құрылуы Орталық Азия мен Кавказдағы венчурлік нарықтың дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Бұл өңірдегі венчурлік қорларға жүйелі қолдау көрсететін, кәсіби стандарттарды арттыратын және технологиялық инвестициялар нарығын дамытатын алғашқы институционалдық құрылым. Халықаралық институционалдық инвесторлар үшін бұл өңірге жергілікті нарықты терең түсінетін және ұзақмерзімді стратегиялық мандаты бар серіктеспен бірге кірудің жаңа мүмкіндігі.
Alem Ventures Fund-тың құрылуы барысында Astana Hub маңызды рөл атқарды. Ол халықаралық инновациялық кластер және қордың тірек инвесторларының бірі. Оның қатысуы капитал ағынын және стратегиялық қолдауды қамтамасыз етіп қана қоймай, стартаптар, жаңашылдар және серіктестердің кең экожүйесіне қолжетімділік ашты. Қорлар қоры Astana Hub базасында венчурлік инфрақұрылымды дамытудың жүйелі элементі болып табылады, ол технологиялық инвестициялар нарығын кеңейтуге және қорлар үшін орнықты институционалдық негіз қалыптастыруға бағытталған. Алғашқы кезеңнің өзінде Alem Ventures Fund жеке және мемлекеттік капиталды біріктіріп, Қазақстан мен өңірдің венчурлік индустриясының ұзақмерзімді өсуіне негіз қалады.
Алғашқы кезеңнен кейін қорлар қоры ресми түрде инвестициялық кезеңге өтті және өз мандаты аясында венчурлік қорларды ашық іріктеуді жүргізіп жатыр. Бағдарлама стартаптарға және қызметі өңірмен байланысты технологиялық компанияларға инвестиция салатын басқарушы компанияларды қолдауға бағытталған. Alem Ventures Fund сондай-ақ алғашқы қорын құрып жатқан және институционалды тәсілді, стратегиялық релеванттылықты әрі экожүйе дамуына ұзақмерзімді үлес қосу әлеуетін көрсете алатын жаңа басқарушылардың («First-Time Fund Managers») өтінімдерін қарастыруға дайын.
Өңірлік венчурлік басқарушыларды ашық іріктеуге қатысуға шақырылады. Толық ақпарат пен өтінім беру формасы alem.qvgvc.com сайтында қолжетімді. Өтінімдер ir.ventures@qvgvc.com электрондық поштасы арқылы да қабылданады.
Хабарлама ақпараттық сипатқа ие және Alem Ventures Fund LP қорына инвестиция салуға ұсыныс немесе шақыру болып саналмайды.