Қазақстан Алатауда әуе такси қызметін іске қосу үшін электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алады

Қазақстан Алатауда әуе такси қызметін іске қосу үшін электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алады

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, америкалық Joby Aero, Inc. компаниясы, Alatau Advance Air Group Ltd. және кәсіпкер Вячеслав Ким өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды. Оған сәйкес Алатау қаласында әуе такси жүйесін құру мақсатында шамамен 300 млн АҚШ долларына электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу көзделіп отыр.

Бұл тігінен ұшып-қонатын инновациялық ұшу аппараттары Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильділігі (Urban Air Mobility) жобасының негізі болмақ. Жоба аясында сертификаттау және демонстрациялық ұшуларға арналған сынақ алаңын құру, сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларының көлік желісіне әуе таксиді интеграциялау жоспарлануда.

«Қазақстан инновациялық көліктің болашағына қадам басуда. Электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу - смарт қалалар мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды кезең. Бұл шара Алатау қаласын болашақтың жоғары технологиялы, бірегей қала ретінде дамытуға серпін береді», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Joby Aero, Inc. (АҚШ) - eVTOL авиация саласындағы әлемдік көшбасшы, сертификатталған электрлі әуе таксилерінің әзірлеушісі.
Вячеслав Ким - Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы, «Алатау қаласы» жобасының инвесторы.
Alatau Advance Air Group Ltd. - Қазақстандағы әуе мобильділігі технологияларының операторы және интеграторы.

 ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметі