
Вашингтон, 2025 жылғы 6 қараша. Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында өсу әлеуеті жоғары стартаптарды ұсынып отырған қазақстандық технологиялық компаниялардың негізін қалаушылармен кездесуі өтті.
Таныстырылған жобалар технологиялық тұрғыда жетілдірілген, кеңейту мүмкіндігі мен инвестициялық тартымдылығы дәлелденген. Барлық командалар Astana Hub резиденттері және Silkroad Innovation Hub (Орталық Еуразия инновацияларын АҚШ нарығында ілгерілетуге ықпал ететін халықаралық әріптес) платформасының қатысушылары.
«Бүгін қазақстандық командалардың әлемдік деңгейдегі технологияларды жасап қана қоймай, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті екенін көріп отырмыз. Бұл Қазақстанның идея сұранысқа ие өнімге айналатын инновациялардың экожүйесін қалыптастырып жатқанын дәлелдейді», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Кездесу барысында Қазақстанның технологиялық әлеуетінің ауқымы мен әртүрлілігін көрсететін төрт стартап таныстырылды:
«Бұрын апталарға созылатын міндеттер бірер минутта шешіліп жатқанын көріп отырмыз - нәтиженің сапасы сақталып, дереккөзі де ұсынылады. Бұл жобалардың экономикасын өзгертеді: шығынды азайтады, шешім қабылдау процесін жылдамдатады және материалды дайындау стандарттарын жоғары деңгейге көтереді. АҚШ-тағы консалтинг индустриясындағы трансформацияны қазақстандық команданың жүргізіп отырғанын мақтан тұтамыз: біз жаңа деңгейді жаһандық нарықта қалыптастырып жатырмыз», -деп атап өтті Ерсұлтан Сапар.
Таныстырылған жобалар Қазақстанның технологиялық кәсіпкерлігінің ашық, жаһандық деңгейге бағытталғанын және бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Кремний алқабындағы осы экожүйенің дамуында Silkroad Innovation Hub маңызды рөл атқарады.
«Екі жыл ішінде біздің қауымдастық 350-ден астам стартапқа дейін өсті, - деді Silkroad Innovation Hub негізін қалаушысы және бас атқарушы директоры Әсет Әбдуәлиев. - Венчурлық инвестициялар 100 млн $-дан асты, портфельдік компаниялардың жиынтық капитализациясы 3 млрд $-дан жоғары. Аймақ пісіп-жетілді: талантты фаундерлер ірі технологиялық компанияларда жұмыс істеумен ғана шектелмейді, олар өз жобаларын құрып, жаһандық нарыққа шығарып жатыр. Біздің міндет - Орталық Еуразияны Кремний алқабында сыйлы, танымал ету, сондай-ақ стартаптардың тұрақты сатылымдарға жылдам шығуына көмектесу».
ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметі