Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Қостанай облысының тұрғындарымен кездесті

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Қостанай облысының тұрғындарымен кездесті

2025 жылғы 23 қазанда Қостанай қаласында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Қостанай облысының тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, IT-саланы дамыту және «Smart City» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматта көрсетіледі, олардың 91 пайызы азаматтарға смартфон арқылы қолжетімді. Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы 56 түрлі қызмет ұсынылады, оларды қазақстандықтар 33 миллионнан астам рет пайдаланған.

Цифрлық шешімдер әлеуметтік салада да кеңінен енгізілуде. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында оқушыларға ыстық тамақ, тұрғындарға дәрі-дәрмек және газ ваучерлерін электронды түрде беру жүзеге асырылады. Жоба барлық өңірлерде кеңейтіліп жатыр. Мемлекеттік дәріханалардың жүйеге қосылуының арқасында 10 миллионнан астам рецепт бойынша дәрі-дәрмек электронды форматта берілді.

Сондай-ақ e-Otinish платформасын дамыту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы «Ұлттық қор – балаларға», «Стоп-кредит», «Көлік иелену тарихы», «Құмар ойындарға ерікті түрде тыйым салу» және басқа да жаңа сервистер іске қосылды. Мәселен, жүргізуші куәлігін ауыстыру қазір бар болғаны екі батырманы басу арқылы жүзеге асады. Бұл қызметті 2025 жылдың наурыз айынан бері 7 мыңнан астам азамат пайдаланған. Қостанай облысында халыққа қызмет көрсету бойынша 20-дан астам бөлім жұмыс істейді.

Ақпараттық қауіпсіздік саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл кибершабуылдардың алдын алу және деректердің заңсыз таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар шаралар қабылданды. eGov порталында алаяқтықтың алдын алу үшін «Кредиттен бас тарту» функциясы енгізіліп, оны 4,5 миллионнан астам адам қолданды. Сондай-ақ киберқауіпсіздік мәдениетін арттыру үшін арнайы оқу видеороликтері дайындалып, eGov порталында орналастырылды.

Қостанай қаласында ақпараттық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғауға арналған «Digital Shield: Өңір қорғауда» атты семинар-кеңес өткізілді.

Сонымен қатар CITIZENSEC.KZ және NOMAD GUARD атты тегін оқыту порталдары іске қосылды. Оларды 300 мыңнан астам қолданушы пайдаланып, 55 мыңнан астам адам тіркелді, оның ішінде 41 мыңы оқыту курстарын сәтті аяқтаған.

Кездесу барысында вице-министр тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Қостанай облысы үшін өзекті мәселелердің бірі — сапалы байланыс пен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Жоспарға сәйкес, кеңжолақты интернетке 302 ауылдық елді мекен қосылып, 82 мыңнан астам адамды қамту көзделген. Өңірде 4G және 5G мобильді интернеті дамып келеді, сондай-ақ байланыс сапасы төмен аймақтарда («ақ дақтар» бойынша) жұмыстар жүргізілуде.

Министрлік жасанды интеллектіні дамыту бойынша үш негізгі бағытта жұмыс атқаруда: институционалдық негіз қалыптастыру, инфрақұрылымды жетілдіру және адами капиталды дамыту.

2018 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде елімізде жерді өз бетінше басып алу мен пайдаланылмай жатқан коммерциялық учаскелерді анықтау мақсатында ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде Қостанай қаласында 107 тіркелмеген жер учаскесі анықталды, оның 19-ы шекара бұзушылығымен, ал 88-і жеке тұрған құрылыс нысандары ретінде тіркелген.